«Ешкімді кінәламаймын». Зеленский Орталық Азия журналистерінің сұрақтарына жауап берді

Украина президенті Владимир Зеленский Харьковте Орталық Азия журналистеріне арнап брифинг өткізді. Ол өңір басшыларының саясатына тоқталып, алда болатын Бейбітшілік саммиті туралы айтты.

Брифинг Харьковтегі Ресейдің бомбалауынан қираған ғимараттардың бірінде өтті. Украина президенті қазіргі геосаяси жағдай, Орталық Азия елдерінің рөлі жайлы ой бөлісті.

Владимир Зеленский Орталық Азия елдері сөз жүзінде бейтарап қалғанымен, іс жүзінде Кремль позициясын қолдап отыр деп есептейді.

— Сіздердің басшыларыңыз тепе-теңдік сақтап отырған жоқ. Олар Кремльден қорқып, “орыстардың тарабын” көбірек қолдап отыр, — деді Зеленский.

Зеленский Орталық Азия басшыларын 15-16 маусымда Швейцарияда өтетін Бейбітшілік саммитіне шақырған.

— Ешкімді кінәламаймын. Біз өз таңдауымызды жасадық, күресіп жатырмыз. Жай ой бөлістім. Мысалы, Бейбітшілік саммитін ұйымдастырып, алғашқы қадам жасадық. Сәбидің алғашқы қадамы сияқты шалалау болуы мүмкін, бірақ бұл бастаманы қолдау керек. Өйткені дұрыс қадам. Соғысқа емес, алға, бейбітшілікке жетелейтін қадам.