Атырауда екі ауылдың арасындағы жырылған жолға 12 метрлік бетон плита қойылды

Атырау облысындағы екі ауылдың арасындағы жырылған жолға 12 метрлік бетон плита қойылды. 

Махамбет ауданы жедел штабының үйлестірушісі Алшынбек Мұханғалиевтың айтуынша, қазір Махамбет пен Сарытоғай ауылдарын жалғайтын жолды бақылау күшейтілген.

«Бірнеше күн бұрын Жайық өзенінен мол су келіп, Махамбет ауылына қауіп төндірген еді. Соған байланысты Махамбет пен Сарытоғай ауылдары арасындағы жол жабылып, арнайы техникалармен жырылды. Жолдың ұзындығы – 5 шақырым. Қазір аталған жолдың екі жағына қорғаныс бөгеті салынып, үстіне ұзындығы 12 метрлік бетон плита қойылды. Бұл жолмен жаяу жүргіншілер мен жеңіл көліктердің өтуіне болады. Сарытоғай ауылынан шығатын орташа және ауыр жүк көліктері «Сейтек» шәйханасы жанындағы айналма жолмен жүреді», — деді Алшыбек Мұханғалиев.

Оның айтуына қарағанда, қазір полицейлер қызметкерлері аталған жолдағы қозғалысты бақылауға алған. Әсіресе, жаяу жүргіншілер мен жеңіл автокөліктер қауіпсіздігі ұдайы қадағаланып отыр.

Фото: Атырау облысының жедел штабы