Қазақстан Ауғанстандағы талиптерге темір жол салуға дайын

Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин «Талибан» қозғалысы өкілдерімен кездесу барысында Ауғанстандағы темір жол құрылысы мен осы елмен әуе қатынасын дамыту мүмкіндігін талқылады.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Серік Жұманғарин 24 сәуірде Ауғанстанға барды. Онда ол «Талибан» өкілдерімен кездесті. Кездесулердің басты тақырыбы көлік мүмкіндіктерін кеңейту болды.

Атап айтқанда, вице-премьер Қазақстан трансафғандық көлік дәлізін дамыту жөніндегі жобаларды іске асыруға қатысуға дайын екенін мәлімдеді.