“Реанимацияда жатыр”: Қарағандыда эскалаторға қысылып қалған баланың жағдайы белгілі болды

Қарағандылық дәрігерлер сауда орталығының эскалаторына қысылып қалған үш жасар баланың қолын кесуден сақтап қалды. Операция екі сағаттан астам уақытқа созылды.

Операция кезінде дәрігерлер қан кетуді тоқтатып, радиалды артерияны жалғады. Сондай-ақ, баланың оң қолының сүйектері түзетілді, білезік буынының капсулалары қалпына келтірілді, оң қолдың бір саусағының ұзын және қысқа сіңірі тігілді.

«2021 жылы туған бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыр халде жеткізілді. Микротамыр хирургі мен балалар травматологының қатысуымен операция жасалды. Операция 2 сағаттан астам уақытқа созылды. Медицина қызметкерлерінің жеделдігі мен хирург дәрігерлердің күш-жігерінің арқасында кішкентай пациенттің қолын кесуден сақтап қалдық. Қазіргі уақытта бала аурухананың реанимациясында жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр», — деп түсіндірді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы ИринаТасмағамбетова.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін «Global City» сауда орталығында үш жасар баланың қолы эскалатордың айналмалы бөлігінде қыстырылып қалды. Арнайы мамандар баланы құтқарғанымен, ол ауыр халде ауруханаға жеткізілді.