Астанада кореялық әйел ұшақ бортындағы қақтығыстан кейін ұсталды

Мажарстаннан Оңтүстік Кореяға ұшып бара жатқан ұшақ Астана әуежайына шұғыл қонды.

The Korea Times басылымының хабарлауынша, оқиға 24 сәуірде болған. Жергілікті уақыт бойынша сағат 9: 30-да Инчхон халықаралық әуежайына келуі тиіс LOT Polish Airlines әуе компаниясының ұшағы борттағы жанжал салдарынан Астанаға шұғыл қонды.

«Отбасымен бірге ұшып келе жатқан кореялық әйел ұшу кезінде әдепсіз сөздерді айқайлап, ұшуды басқаруға кедергі келтіріп, дүрбелең жасады. Оңтүстік Кореяның YTN телеарнасы жариялаған бейне көрсеткендей, басқа жолаушылар айқайлап, қарғып жатқан әйелді тыныштандыруға тырысты «, — деп жазады The Korea Times.

Экипаж мүшелері қарбаласты тыныштандыра алмады және ұшқыш ұшақты жақын маңдағы әуежайға отырғызу туралы шешім қабылдады. Борттағы 183 жолаушы Астанада бес сағатқа жуық уақыт өткізуге мәжбүр болды.

«Шұғыл қонғаннан кейін тыныштықты бұзған адамды жергілікті билік ұстады. Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшілігі инцидентті одан әрі тергеуде жергілікті полициямен ынтымақтасады «, — деп жазады кореялық басылым.

Ұшақ ақырында Инчхонға ұшып, аман-есен қонды.

2023 жылдың соңында осындай оқиға Алматыдан Шымкентке ұшқан рейсте орын алды. Мас адам бортта төбелесті.