СҚО-да су тасыған аумақта балық аулаған 12 адам жауапқа тартылды

Солтүстік Қазақстан облысында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мен облысаралық Есіл бассейндік инспекциясының инспекторлары бірлескен рейд өткізіп жатыр. Өйткені сәуірдің 15-нен маусымның 1-і аралығында уылдырық шашуға байланысты балық аулауға тыйым салынған.

Тасыған су балықты оңай олжаға айналдырды. Бұл кей адамдарды қызықтырмай қоймасы анық. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданы табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мен облысаралық Есіл бассейндік инспекциясының инспекторларымен рейд жүргізіп, балық аулаудың қызығына түскен 12 жергілікті тұрғынды анықтады. Талапты бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Осындай рейдтік іс-шаралар басқа аудандарда да жүргізіп жатыр. Уылдырық шашу кезеңінде балық аулау да табиғи ресурстарды қалпына келтіруге зиян келтіретінін есте сақтауыңызды сұраймыз», — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.

Табиғатты қорғау полицейлері аңшыларға 27 сәуірден 11 мамырға дейін облыс аумағында Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген түрлерден басқа, жабайы үйректердің аталықтарына көктемгі аң аулау маусымы ашылатынын еске салады.

Аң аулау үшін ілеспе құжаттардың болуы шарт. Резервтік қордың аңшылық алқаптарында, қаздардың барлық түрлеріне, сондай-ақ аналық жабайы үйректер мен аналық құрды атуға тыйым салынады.

Фото: СҚО ПД