Ақтөбе облысы су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа тұрғын үйлерді салуды бастап кетті

Ақтөбе облысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынынан зардап шеккендерді қысқа мерзім ішінде жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын іске асыруға кірісті.

Оның ішінде, су тасқынынан ең көп зардап көрген Ойыл ауданының тұрғындары тұратын үйлер салынатын жер учаскелері анықталды. Мұнда барлығы 340 үйді су басты, қазіргі уақытта 49 үй әлі де су астында қалып отыр. Атап айтқанда, Ойыл ауылында инженерлік инфрақұрылымы бар, су және газбен қамтылған 200-ден астам учаске белгіленген. Жаңа құрылыс ауданында 1500 орындық мектеп пен балабақша салу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үйлердің үлгілік жобасын бекітуде, соған сәйкес құрылыс жүргізіледі.

Ақтөбе облысының құрылыс басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, жалпы құны 22 млн. теңгені құрайтын 80 шаршы метрлік тұрғын үй және жалпы құны 44 млн.теңге болатын 160 шаршы метрлік екі пәтерлі үй салу жоспарлануда. Президенттің тапсырмасына сәйкес, зардап шеккен ақтөбеліктердің ешбірі назардан тыс қалмайды, қаржылық және басқа да қажетті көмек көрсетіледі. Ал тапсырмалардың орындалу барысы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өтетін жедел штаб отырысында күнделікті талқыланады.