Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту — Олжас Бектенов

Соңғы тасқындарға байланысты ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады.

«Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Мен бұл мәселені Бас прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Бірқатар өңірде ТЖ режимі жарияланды. Менің бірінші орынбасарым Роман Васильевич Скляр ең қатты зардап шеккен өңірлерде жүр» , — деді Олжас Бектенов.

Апаттық-құтқару жұмыстарына 6 349 адам, 2 192 техника, 689 сорғы құралы және т.б. жұмылдырылды. Құзырлы органдармен 2,3 млн текше метрден астам ағын су шығарылып, 162 мыңнан астам құм толтырылған қапшық және 31 587 тонна инертті материал төселді. Үкімет басшысы тиісті министрлікке еліміздің барлық өңіріндегі жұмыстарға бақылауды күшейтуді тапсырды.