Ақтауға Ираннан келетін туристердің қатары артып отыр

Иран астанасынан Ақтауға қатынайтын чартерлік рейспен кезекті туристер ұшып келді.

Наурыз айының басынан бері өңірдің көрнекті жерлерін аралауға ниетті ирандықтардың үшінші легі Ақтауға табан тіреді. Былтыр туристік маусым ашылған уақытта Иран Ислам Республикасынан Маңғыстауға қатынаған туристер легі күзге дейін толастамаған еді.

Жалпы Ақтау қаласына жыл басынан бері шетелдерден 14 мыңға жуық турист келген. Ал парсы елінен келген саяхатшылар 10 күн аясында облыстың бірнеше жеріне баруды көздеп отыр. Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Оспан Нысанның айтуынша, Ақтауға туристердің басым бөлігі шетелден келген көрінеді.

«Ақтау қаласының туристік әлеуетін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Ақтауға Тегераннан 112 жолаушы чартерлік рейспен ұшып келді. Негізінен туристердің басым бөлігі Иран, сонымен қатар, Италия, Ресей және Франция елдерінен қызығушылық танытуда», — деді Оспан Нысан.

Фото: Pyxabay.com