Жетісай мен Сарыағашта тоқыма өндірісін дамыту үшін өзбекстандық компанияларымен келіссөз жүргізіліп жатыр

Жетісай мен Сарыағаш аудандарында тоқыма өндірісін дамыту үшін өзбекстандық компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

«Облыстардың әкімдіктері шекара маңындағы елді мекендерге инвесторлар тарту есебінен инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, Алматы облысының шекара маңындағы Ұйғыр ауданында модификацияланған крахмал мен жылыжай өндіретін зауыт салу бойынша инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Сондай-ақ келешекте заманауи мал шаруашылығы кешенін салу жобасы іске асырылатын болады», — деді Олжас Бектенов.

Мұнан бөлек, Үкімет басшысының атап өтуінше, Жамбыл облысының шекара маңындағы Қордай ауданында «Korcem» ЖШС сингапурлық компаниясының қатысуымен цемент өндіру бойынша инвестициялық жоба іске асырылады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қордай ауданында неміс компаниясының қатысуымен тау-кен металлургия комбинатын салу және алтын кен орындарын игеру бойынша «Monterra Qasaqstan» ЖШС инвестициялық жобасын қолға алынды.

«Түркістан облысының шекара маңындағы Жетісай, Сарыағаш аудандарында мақта-қағаз өнімдерін қайта өңдеу зауытын салу, тоқыма фабрикасын салу үшін Өзбекстан Республикасының «Global Textile», «Gurlan Global Teks» және «Tulpar Textille» компанияларымен келіссөздер жүргізілді. Осыған ұқсас инвестициялық жобалар басқа өңірлерде де іске асырылып жатыр», — деді Премьер-Министр.

Фото: aimak.com.kz