Атырауда автобустағы жолаушыны ұрып, оқ атқан екі адам 4 жылға сотталды

Атырау облысында екі бұзақы автобусқа кіріп, жолаушыны ұрып-соққан және оқ атқан. Бұзақылар 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жылыой аудандық сотының ақпаратына сүйенсек, бұзақыларға ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігімен айып тағылған.

«Сотталушылар А. және Л. 2023 жылғы 20 қарашада Жаңа Қаратон кентінде арматура және травматикалық тапаншамен қаруланып, тоқтап тұрған «Т» ЖШС-нің қызметтік автобусына кірген. Бұзақылық ниетпен жолаушы С.-ны ұрып, оған қарай травматикалық тапаншадан екі рет оқ атқан. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Қылмыстық әрекетің салдарынан жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келген», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Прокурор сотталушыларды 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал, сотталушылар кінәсін толық мойындады.

«ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабының 3-бөлігінің санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың кінәсін мойындап, шын жүректен өкінгені, бұрын сотталмағаны ескерілді. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот үкімімен сотталушылар тағылған айыппен кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.