Халық пікірі маңызды

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің темірқазығы. Оларға деген құрмет ешқашан кемімеуі керек. Туды, елтаңбаны, әнұранды сыйламаған, қорлаған азаматтарға отандық заңнамаларға зай әкімшілік, қылмыстық жауаптылық қарастырылған.

Елдің елдігін, мемлекеттің мәртбесін паш ететін бірден-бір нышан – мемлекеттік рәміздер екенін ежіктеп айтып жатудың өзі ерсі. Рәміздер арқылы оның қай елдікі, нендей мемлекеттікі екенін сырт ел бірден ұғуы тиіс. Мемлекеттік рәміздегі  өзіндік ерекшелік – нышанның салмағын арттыра түседі. Ал біздің еліміздің әнұраны мен көк байрағын әлемге жақсы таныс. Шетелдегі түрлі додалар, жарыстардың арқасында өзге елдер Қазақстанның туын көріп, әнұранын тыңдап жатыр. Оларға қатысты айтылған жылы лебіздерді үнемі естиміз. Мұндай жақсы пікір, оң көзқарас мемлекеттік рәміздерге деген құрметімізді арттыратыны шындық.

Өкінішке орай, Қазақстанның елтаңбасын өзге жұрттар түгілі, өз отандастарымыз танымай, білмей жатыр. Мұны енді тек елтаңбаның насихатының кемдігімен, таныстырып, түсіндірудің аздығымен байланыстыруға болмайды. Өйткені, мемлекеттік рәміздер туралы айтқанда ұстаздар елтаңбаны шетке ысырып тастамайтыны белгілі. Мәселе мұндағы элементтердің жадымызда тез жатталмайтынында болса керек. Оның үстіне, бүгінгі жастардың қабылдауы өзгеше. Елтаңбаны тым күрделендіру, көптеген элементтерді біріктіру қажет емес. Сондықтан, жастардың түсінігіне жақын елтаңбаны жасайтын уақыт келді.

Тәуелсіздік алғанымызға да отыз жылдан аса уақыт өтті. Егемендікке енді қадам жасаған кездегі талаптар мен бүгінгі белгіленген межелерде өзгеріс бар. Меніңше, жаңа елтаңба сол өзгерістерді ескере отырып дайындалғаны дұрыс. Ең бастысы мұнда ұлттың ерекшелігі, мемлекеттің өзіндік бет-бейнесі анық көрінуі керек. Оған халықты шатастыратын, екіұшты ойға жетелейтін элементтер енгізілмегені абзал. Әрі елтаңба жобалары халық талқысына салынып, түзеліп, күзеліп, көпшіліктің оң пікірін алғаннан кейін ғана қабылданғаны орынды.

Айжан Кесебаева,

«Әділдік жолы» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының жетекшісі