Құлыбаев Лондондағы бір үйін 35 млн фунт стерлингке сатты

Қазақстандық олигарх, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев Лондон сарайын 34,7 млн фунт стерлингке сатты, деп хабарлайды Financial Times.

«Байлығы 5 миллиард фунт стерлингке бағаланған қазақ олигархы өзінің Лондондағы үйін North Wind Capital инвестициялық компаниясына небәрі 35 миллион фунт стерлингке сатты», — деп хабарлайды басылым.

Материалда үйдің Мейфэрдегі Аппер-Гросвенор-стритте орналасқаны нақтыланған. Сатып алушы North Wind Capital компаниясы — Deutsche Bank-тың бұрынғы директоры Бен Уильямс негізін қалаған жылжымайтын мүлік саласындағы жаңа инвестициялық компания.

Басылымның хабарлауынша, Құлыбаев Аппер-Гросвенор-42 мекен-жайындағы нарықтағы жылжымайтын мүлікті де сатуға үміттенеді. Ол екі онжылдыққа жуық уақыт бойы Букингем сарайынан бірнеше минут қашықтықта орналасқан көрші үйлерге иелік етті. Осы уақыт ішінде ол сатқан үй көбінесе бос қалды.