Мобильді аударым мәселесін қайта қараймыз – вице-премьер

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мобильді аударымдарды тексеру мәселесін қайта пысықтайтындарын айтты.

«Бұл — өте өзекті мәселе. Сондықтан маған оны тағы бір рет қарау туралы тапсырма берілген. Біз қаржылық-экономикалық блоктың ішінде бұл мәселені қарастырамыз. Өлшемшарттарын, тетіктерін әлі де егжей-тегжейлі қараймыз. Бұл сұраққа қайта ораламыз», — деді ол Үкімет отырысынан кейін журналист сұрағына берген жауабында.

Жауапты толықтырған Қаржы министрі Мәди Такиев мобильді аударымдарды тексеру бәрі бір қалатынын меңзеді.

«Мобильді аударымдар қалады. Бірақ әлі қараймыз. Жеке кәсіпкерді қалай анықтайсыз? Тағы да айтайын, біз құқықтық мемлекетпіз. Әділетті мемлекетпіз, дұрыс па? Сіз бен біз осы заңның сақталуын қарауымыз керек. Біреулер төлейді, біреулер төлемейді. Әділдік болу керек. Яғни, бәрі салық төлеу керек. Бірақ әркімнің өз мөлшері болатыны түсінікті.
Сондықтан біз түрлі режимдерді қарастырып жатырмыз. Осы режимдер арқылы салық жүйесі қалай жұмыс істейтінін ойластырып жатырмыз. Бұл бәрін бір арнаға тықсырып тастау деген сөз емес», — деді министр.