Жамбыл Жабаевтың ұрпағы үйсіз-күйсіз жүр (ВИДЕО)

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың шөбересі Бекмұрат Жамбылов халықтан көмек сұрауға мәжбүр. “Ит өмір” бағдарламасына берген сұхбатында ол үйсіз-күйсіз қалғанын айтып, мұңын шақты. Аңыз адамның туысы Алматыда тұрып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info порталы Экспресс К. сайтына сілтеме жасап. 

Журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Ит өмір» бағдарламасына берген сұхбатында Бекмұрат Жамбылов денсаулығына байланысты мұң шағады.

Оның бір аяғы жоқ, өкпесінің жартысын алып тастаған, көзі де көруден қалыпты. Мүгедек арбасына таңылған жарымжан жанды әйелі де тастап кеткен. Ол қазір бөтеннің босағасында күнелтуге мәжбүр.

Арманым — үйлі болу. Қазіргі тұрып жатқан үйім ағамдікі. Ол кісінің балалары, немерелері өсіп келе жатыр. Қашанғы оған масыл боламын? Ертең бала-шағама мұра болып қалатын жағдайым болса деймін. Өліп қалсам, менің жаназамды шығаратын үйім де жоқ,

— дейді Бекмұрат Жамбылов.

Бекмұрат Жамбылов — Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, халық ақыны Әлімқұл Жамбыловтың кенже ұлы. Ал Әлімқұл Жамбылов — жыр алыбы Жамбылдың туған немересі.