Ауыл тұрғындарының ем алуын жеңілдететін жабдықты қолданысқа енгізуді талап етті

15 қараша күні Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын Асқар Садықов Денсаулық сақтау министрі А.Ғиниятқа жолдады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Биыл 9 қазанда Үкімет сағатында министр Парламент Мәжілісінің депутаттарына мобильді диагностика мен шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге арналған ранецті жиынтықтағы «HES-7 денсаулық диагностикасынык жүйесі» инновациялық медициналық жабдығын таныстырған болатын.

Қазір көптеген ауылдарда емханалар мен медициналық зертханалар жетіспейді, бұл ауылдық жерлерде тұратын қарттар, мүгедектер және аз қамтылған отбасылар үшін ем алуды іс жүзінде қолжетімсіз. Бұл мәселені шешу үшін медицина қызметкерлеріне үйлерді аралап, сынамалар алу, экспресс-диагностика (соның ішінде ЭКГ және мобильді зертхана), онлайн кеңес беру және мобильді режимде тұрғындарға медициналық көмек көрсету мүмкіндігін беретін аталған жүйе әзірленді. Депутаттық сауалда бұл жүйе Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелген және бес облыста мыңнан астам науқасты қамтыған тәжірибелік сынақтан өтіп, жоғары тиімділігін көрсетті делінген.

«Бұл жабдыққа қажеттілікті 17 облыстың денсаулық сақтау органдары растады, әзірлеушіге 6,5 мың ранецті жиынтыққа өтінімдер түсті. Сонымен қатар, жоспарлы бюджеттік қаржыландырудың болмауына байланысты әзірлеуші ауылдық емханаларды осы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді бюджеттен тыс қоғамдық қор арқылы қаржыландыру мәселесін де қарастырған. Бұл ретте, рәсімдерді іске қосу үшін жабдықты Денсаулық сақтау министрлігінің өзі 2022 жылы ресми тіркегенін ескере отырып, оны пайдалануға Денсаулық сақтау министрлігінің ресми келісімі қажет. Алайда, бізге жүгінген әзірлеушілер хабарлағандай, бұл жүйені пайдалануға келісім беру үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған өтініштері жарты жылдан астам уақыт бойы жауапсыз қалып, ауылдық медициналық пункттерді онымен жабдықтауға кедергі келтіріп отыр. Олардың мәселені анықтау әрекеттері еш нәтиже бермеді. 

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы отандық «HES-7 денсаулық диагностикасының жүйесін» әзірлеушілердің өтінішін қарастыруды және осы инновациялық жобаны іс жүзінде қолданудың болашақ тағдырын шешуді сұрайды», — делінген депутаттық сауалда.