Яндекс Қазақстан мобильді Браузерде және Яндекс қолданбада Алисаны қазақша сөйлетті

Алиса қазақ тілін түсініп және сөйлей бастады — бұл компанияның қазақ тілді виртуалды көмекшісінің дамуына алғашқы қадам. Ол қызықтырған сұраққа жауап тауып, ауа-райын айтып немесе жай ғана әңгімелесе алады. Алисамен қазақша кез келген қолданушы сөйлесе алады —мобильді Яндекс Браузерге немесе Яндекс қолданбаға  кіріп, көмекшінің интерфейсінен тілді таңдасаңыз жеткілікті. Болашақта ол екі тілде қатар сөйлесе алатын болады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Алиса қазақша қызықты дерек айтып бере алады. Мысалы, оған: «Алиса, Хан Тәңірінің биіктігі қандай?» («Алиса, какая высота Хан-Тенгри?») деген сұрақ қоюға болады. Астанада не көруге болады деген сұрақ қойсаңыз — іздеу нәтижелерінен қызықты жерлердің нұсқаларын көрсетеді. Виртуалды көмекші қазіргі ауа-райы қандай немесе демалысқа болжамды ауа-райын айтып береді. Одан бөлек, енді Алисамен жәй ғана қазақша сөйлесіп және одан, мысалы, тамақ ішкенді ұнататынын немесе қай ақынды жақсы көретінін сұрауға болады. Бұдан әрі Яндекс Қазақстан виртуалды көмекшінің ұлттық тілді қолдану сценарилерін көбейтуді жоспарлап отыр.

Алиса қазақша түсініп және сапалы жауап бере алуы үшін, қазақ тілде сөйлейтіндер мен кәсіби редакторлар дайындаған үлкен көлемді деректермен: соның ішінде қолмен аударылған мыңдаған сұхбаттар мен жүздеген сағат аудиожазбалармен дайындалған.

Бұдан бұрын компания Браузерде және Алиса бар Яндекс қолданбада бейнені қазақшаға аударуды қосты. Сондай-ақ ұлттық тілде компанияның басқа да сервистері қол жетімді — Іздеу, Такси, Тамақ, Жеткізу және Карталар.

Аида Балаева, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі

«Алиса» виртуалды ассистенті қазақ тілінде түсініп, сөйлей бастады. Бұл мемлекеттік тілдің қолданылуы еліміздің аумағымен   шектелмей, одан да тыс жерлерге таралуының маңызды қадамы екені сөзсіз. «Яндекс» халықаралық компаниясына және дауыстық көмекшіні қазақ тілінде сөйлеткен әрбір қызметкерге өз алғысымды білдіремін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «Яндекс Қазақстан» басшылығына осы жемісті ынтымақтастық үшін алғысымды білдіремінн. Алып IT-компания өз сервистері мен өнімдерін мемлекеттік тілге бейімдеп, белсенді дамытып келеді. Бұл үлкен және пайдалы іс!

Бағдат Мусин, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі

«Қазақ тілін кеңінен қолдану жөнінде біз бірқатар шетелдік платформалармен келіссөздер жүргізудеміз. Әрине, басты ұстаным клиентке ыңғайлы, сапалы қазақ тіліндегі сервситерді қамтамасыз ету. Елімізде күн санап қазақ тіліндегі контентке сұраныс өсіп келеді. Сондықтан, Министрлік компаниялардың технологиялық шешімдері мен платформаларында қазақ тіліндегі функциялардың болуына аса назар аударады. Осы орайда, Яндекс компаниясының осы бағыттағы жұмыстары үшін және қазақ тіліндегі енгізіліп жатқан сервистері үшін алғыс білдіремін. Алисаның қазақ тілінде мобильді браузерде іске қосылуы біздің пайдаланушыларды қуантады деп сенемін».

Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі

«Біз 1 сынып оқушылары ата-аналарының 70% қазақ тілінде оқытатын мектептерді таңдайтынына мақтанышпен қараймыз. Бұл білім беру саласында мемлекеттік тілге деген сұраныс артып келе жатқанын көрсетеді. Осындай үрдісті біз басқа салаларда да көріп отырмыз: мысалы, Қазақстандағы барлық IT-өнімдердің шамамен 85 % біздің ана тілімізде қызмет көрсетеді. Мобильді Браузерде қазақша сөйлеген Алиса оқушылар мен студенттерге ақпаратты тез табуға көмектеседі, сондай-ақ тіл үйренуді жаңадан бастаған және ауызекі сөйлеуді үйренгісі келетіндер үшін пайдалы құрал болады».

Олжас Жаңабек, Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы

«Қазақ тілі – еліміз бен қаламыздың болашағын қалыптастыратын іргетасы. Жаһандану үрдісі қалыптасып жатқан қазіргі әлемде қазақ тілін сақтау мен дамытудың маңыздылығын ұмытпауымыз керек.  Яндекс Қазақстан өз сервистері мен өнімдерін әзірлеу және бейімдеу арқылы тіліміздің таралуына ықпал етеді».

Яндекс Қазақстан — машиналық оқыту және нейрожелі негізіндегі өнімдер мен сервистер жасайтын, технологиялық компания. Компания қолданушылардың өмірін жақсартып және Қазақстанда цифрлық ортаның дамуына бағытталған инновациялық технологияларды әзірлеумен және енгізумен айналысады. Елімізде қазірге таңда іздеу, қалалық, бұлттық және ойын-сауық сервистері жұмыс жасайды, сонымен қатар компания білім беру және әлеуметтік жобаларды да дамытып жатыр.