“Ақ жол”: Экономикалық заңбұзушылықтар үшін кәсіпкерлердің жауапкершілігін декриминализациялау керек

Бұл туралы 8 қарашада өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын Ерлан Барлыбаев Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі Е.Жамаубаевқа жолдады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Сауалға сәйкес биылғы жылдың 1 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы салық заңбұзушылықтары үшін кәсіпкерлерді «қылмыстық жауапкершілікке тарту нормаларының шегін айқындаудың әділ тетігін енгізу» туралы тапсырма берді. Президент ұсынысы парасаттылық пен әділеттілікті тек адамгершілік қана емес, экономикалық категория ретінде де қабылдауға негізделген. Себебі, салық төлеп, пайда әкелетін адамды мемлекетке масыл қылудың еш қисыны жоқ. Мәселен, Қылмыстық кодексте ірі немесе аса ірі залал келтірген салық төлеуден жалтару үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл ретте Кодекстің 3-бабына сәйкес салықтық тексеру нәтижелері бойынша есептелген бюджетке төленетін төлемдердің сомасы салық төлеушінің бір жылда төлеген барлық салық сомасының 10 пайызынан асатын болса, мұндай бұзушылықтар қылмыстық деп танылады. Яғни, кәсіпкер кем төлеген салығынан 10 есе артық салық төлесе, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек.

«Ақ жол» фракциясы Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, бұл тәсілдер жаңа Салық кодексінде күшейтіліп, бизнеске қысымды азайтып, жемқор шенеуніктердің табысты кәсіпорындарды бопсалап, басып алу мүмкіндігін азайтады деп үміттенеді. Сонымен қатар, біз осындай қағидатты басқа салаларға да қолдану қажет деп есептейміз, мысалы, субсидиялар, жеңілдіктер, гранттар мен басқа да мемлекеттік қолдау шараларын алуға қатысты, олар бойынша қазір күн сайын дерлік қылмыстық істер қозғалып жатыр.

Мәселен, егер бизнеске жасаған инвестициясынан алған субсидиялар мен гранттары 3-5 есе аз болғаны кәсіпкердің әрекеті заңбұзушылық деп танылса, онда мұндай қылмыстық істерді бірден экономикалық мағынасының жоқтығы мен орынсыздығына байланысты дереу тоқтатылуы керек. Мысалы, ғимаратқа, құрал-жабдықтарға, техникаларға 2-3 миллиард құйған инвесторге 50-100 миллион теңгені «ұрлаудан» не пайда? Бұл абсурд. Бірақ дәл осындай айыптаулар бүгінде бизнеске жиі тағылады.

Біз «экономикалық мағына» анықтамасын қолданғанымыз кездейсоқ емес, өйткені ол бірқатар нормативтік құжаттарда, мысалы, Қаржы мониторингі агенттігінің нормативтік құқықтық актілерінде қамтылған, мұндағы «экономикалық мәні жоқ келісімдер (операциялар)» кәсіпкерлік құқық бұзушылықтарды квалификациялау үшін қолданылады.

Атап айтқанда, бұл «Қаржылық мониторингке жататын операциялар туралы ақпаратты ұсыну қағидалары», «Цифрлық активтерді шығаруды жүзеге асыратын тұлғалар үшін ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылау ережелеріне қойылатын талаптар» және т.б. Ал бұл термин заңбұзушылықтарды анықтау үшін қолданылатындықтан, кәсіпкерлерді шектен тыс санкциялардан қорғау үшін де дәл солай қолданылуы керек.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы Президент Қ.Тоқаевтың бизнесті қылмыстық жауапкершілікке тартудың әділ шектерін анықтау, оның ішінде мемлекеттiк қолдау шараларын бұзғаны үшiн, егер олардың экономикаға инвестициялық салымы қойылған талаптар сомасынан 10 және одан да көп есе көп болса кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы норманы кеңейту туралы тапсырмасын толық орындауды ұсынады.

Мұндай заңбұзушылықтар әкімшілік жолмен шешіліп, жаза мемлекетке келтірілген шығынды өтеумен және айыппұлмен шектелуі керек, — делінген депутаттық сауалда.