«Қыз комаға түскен»: Иранда 16 жасар жасөспірім хиджаб кию ережесін бұзғаны үшін соққыға жығылды

16 жастағы Армита Джераванд Тегерандағы ауруханаға жатқызылды. Құқық қорғау топтары мен белсенділер ұлттық хиджаб ережелерін бұзғаны үшін моральдық полиция қызды ұрып-соққанын және оның комаға түскенін хабарлады.

Оқиға 1 қазан күні Иран астанасындағы метро станцияларының бірінде болған. Кадрларда қызды пойыздан түсіріп, перронға отырғызып жатқанын көруге болады. Мемлекеттік БАҚ қыздың қан қысымы түсіп, пойыз вагонының қабырғасына соғылып, есінен танып қалғанын жеткізді.

Пойыздың ішінде не болғаны және оның қандай бас киім кигені белгісіз. Қыздың ата-анасы оған ешкім шабуыл жасамағанын айтады. Қоғам белсенділерінің айтуынша, ел үкіметі отбасыларға қысым көрсетіп келгендіктен қыздың ата-анасы өтірік айтуға мәжбүр. Бұл оқиғаны жарияламақ болған журналист те қамауға алынды. Ал ауруханаға қыздың жанына кіруге полиция шектеу қойды.

Айта кетейік, осыдан бір жыл бұрын хиджаб киюге қатысты ұлттық ережелерді сақтамағаны үшін моральдық полиция қызметкерлері Махса Аминиді соққыға жығып, артынша қыз қаза болған еді. Иран үкіметі мен мемлекеттік мекемелер Махса Аминидің қазасына жүрек талмасы себеп болғанын хабарлаған болатын.