Ақтөбеде жол-көлік апатынан 3 адам көз жұмды

Самара-Шымкент тасжолының Ырғыз ауылы маңында екі көлік соқтығысты. Салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен екі жолаушы ажал құшты.  

Оқиға 9 мамыр күні болды. Самара-Шымкент автожолында ВАЗ автокөлігі мен бір бағытта келе жатқан МАН жүк көлігі соқтығысқан. Жеңіл көлікте Ырғыз ауданының адамдары болса, жүк көлігін шетелдік жүргізген.

— Апат салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы қайтыс болды. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, жеңіл көлік ішінде болған екі адам – ерлі-зайыпты. Екеуі де Ы.Алтынсарин орта мектебінде жұмыс істеген. Бірі дене шынықтыру, екіншісі бастауыш сынып мұғалімі болған. Ал, үшінші адам – аудандық мәслихат депутаты әрі мал дәрігері. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, трассалық медициналық-құтқару пунктінің және №12 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері холматро құралын пайдаланып, жеңіл автокөлік ішінде қыстырылып қалған 2 адамды алып шықты. Бір адам жедел жәрдем көлігімен аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, таңғы 5-те көз жұмды.

Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі