«Мойнымнан темірмен соқты»: Полицей «қаңтар қырғынындағы» жағдаймен бөлісті

Қаңтар айының басында Алматыда орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде көптеген полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің ауыр жарақаттар алып, кейбірінің қаза тапқаны баршаға белгілі. Дәл сол күндері қоғам қауіпсіздігі үшін қызмет етуге шыққандардың бірі – Ғазиз Нұрғалымов. Ол – Алматы қаласы Әуезов аудандық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы.

Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Тәртіпсіздік кезінде топтың тепкісінің астында қалған полиция аға лейтенанты бүгінде қалалық ауруханалардың бірінде ем алуда. Мойынан темірмен соққы алған инспектор Polisia.kz сайтына берген сұхбатында оқиғаның мән-жайын толықтай баяндап берді.

Бала кезден полицей болуды армандаған Ғазиз әрдайым азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет етуге дайын.

«Аман-есен ауруханадан шықсам, жұмысымды жалғастырамын», – дейді ол.

Қаңтар айының басында орын алған мемлекеттік төңкерісті болдырмау кезінде жалпы 3037 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі түрлі жарақат алды. Қазіргі таңда 107 қызметкер әртүрлі ауыр жарақаттарымен ем алуда. Тәртіпсіздік салдарынан Ішкі істер органдарының 8 қызметкері қаза болды.