«4 зәулім сарай»: Назарбаевтардың Германиядағы мүліктері анықталды

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев Германияда төрт зәулім жылжымайтын мүлік сатып алуға жүз миллион доллардан астам қаржы жұмсаған. Бұл туралы Deutsche Welle (DW) неміс медиа компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

Мақалада Қазақстанның бұрынғы президентінің отбасы мүшелеріне тиесілі сарайлардың бірі Германияның Баден-Баден курортындағы Зеелах үйі екендігі айтылған. Ол 19 ғасырда әйгілі орыс дипломаты, құпия кеңесші Михаил Хрептовичтің резиденциясы болды. Ғимараттың төбелері құнды ағаштан жасалған.

Сондай-ақ журналистер сарайдың аумағында субұрқақтары бар ландшафт паркі мен оның астында мың шаршы метрге жуық курорттық аймақ бар екенін айтады.

DW мәліметтері бойынша, Зеелах мүлкінен басқа, Құлыбаевтар аймақтағы тағы үш жылжымайтын мүлікке ие. Олардың арасында екі тарихи ескерткіш бар. Бірі әйгілі сәулетші Густав Строның вилласы болса, енді бірі Германияның бірінші канцлері Конрад Аденауэр ұнатқан Булерхай сарайы.