Ақмола облысында кезекті жастарды оқыту өтті

Ақмола облысында Жастар ісі академиясы өтті, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Қазіргі таңда елімізде жастар саны 6 млн-ға жуық. Аталған жастармен елімізде жастар саясатын дамыту мақсатында Жастар ресурстық орталықтары жұмыс жүргізеді.

Осыған байланысты, еліміздегі жастар саясатын үйлестіруші жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлеріне арналған және аталмыш ресурстық орталықтардың 10-жылдығына орай, Ақпарттық және қоғамдық даму министрлігі және Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ ұйымдастыруымен Ақмола облысының Зеренді ауданында 25-27 тамыз аралығында 130-дан аса қатысушыны қамтитын «Жастар ісі Академиясы» өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастарға 5 бағытта семинар-тренинг, Президент жанындағы жастар кеңесінің мүшелерінің қатысуымен кездесу, еліміздің саясатында өзіндік орны бар танымал тұлғалармен кездесу және т.б. іс-шаралар өткізілді.

Шараның мақсаты — жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерін кадрлық даярлаудан өткізу, азаматтық бірегейлік негізінде қазақстандық патриотизм идеологиясын ілгерілетуге бағытталған тренингтер арқылы жастар ресурстық орталықтарының қызметін жетілдіру және адрестік жұмыстың сапасын арттыру.

Аталмыш шара барысында жастар саясаты бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлімен кездесуі өтті. Кездесу аясында министр жастарға сәттілік тілеп, 10-жылдық мерейтоймен құттықтай отыра, алдағы уақытта жүйелі, сапалы қызмет атқарып, еліміздегі жастар саясатын бірігіп дамытуға шақырды.  Сонымен қатар, Дархан Қуандықұлы «Tool fair» үздік жобалар жәрмеңкесінде облыс жастарының жұмыстарымен танысып, кейін Жастар академиясының «Әділетті Қазақстан-Адал азамат» диалог алаңына қатысты. Қонақтар жастар арасындағы проблемаларды, сондай-ақ жағымды жақтары туралы тақырыптарын талқылады.

«Айта кету керек, шараға облыстық және қалалық Жастар саясаты басқармалары басшылары, жастар саясатына жауапты мемлекеттік мекеме басшысы немесе басшы орынбасары, облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының басшылары, мамандары қатысты. Әр өңірден келген делегация мүшелері керемет әсер алып, жастар саясатын дамыту жолында өздерінің тәжірибиелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Әр семинар-тренингке қатысқан қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды» — дейді ұйымдастырушылар тарапы.

Іс-шараның соңғы күндері барша қатысушыларға арнап кешкілік «OPEN AIP» өткізілді. Кешкілік шараға өңірдің белсенді әншілері мен өнерпаздары қатысты.