Филология магистранттарын басқару үдерісінің даму кезеңдерімен таныстырған жоба

Басқаруадамның кез келген әлеуметтік рөлдегі арнайы іс-әрекеті. Ол тек іскерлік ұйымдарға ғана емес, сонымен қатар қарапайым отбасы, тіпті, жекелеген адамға да қатысты. Ал енді, осы басқару үдерісінің даму кезеңдерін түсіну кез келген тұлғаға қандай да болмасын ұйымда қызмет атқаруда, соның ішінде болашақ ЖОО оқытушылары болуға дайындалып жүрген жас зерттеушілер Филология факультеті, шет тілі: екі шет тілі мамандығының магистранттарына да болашақ қызмет орындарында, басшылармен, әріптестермен, мүмкін болатын қол астындағы қызметкерлермен қарым-қатынаста арқа сүйейтін ақпарат болары сөзсіз.

Осы орайда қара шаңырақ әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің базасында оқытылатын «Басқару психологиясы» пәнінің оқытушысы, психология ғылымдарының кандидаты, профессор Жубаназарова Назираш Сүлейменқызының жетекшілігімен филология факультеті, шет тілі: екі шет тілі мамандығының 1-курс магистранттары «Басқару стилі және ұйымдардағы адамгершілік мәселесі, оның өлшемі мен деңгейін анықтау арқылы психологиялық білімдерді қалыптастыру» тақырыбында магистранттың өзіндік жұмысын орындап, зерттеулерге шолу жасады. Нәтижелерді талдау семинары өткізіліп, онда магистранттар тұлғаның басқарудағы қалыптасу кезеңдерін белсене талқылады.

Ой-талқыны кіріспе сөзімен Назираш Сүлейменқызы ашып, магистранттарға семинар бағдарын тағы да айқындап берді. Келесі кезекте магистрант Сапарбай Жомарт өз ақпаратымен бөлісіп, «Тұлғаның басқару субъектісі болып қалыптасу онтогенезі» атты тақырыпта басқару үдерісінің қалыптасу бастамасын ерте балалық шақтан, яғни, нәресте кезеңінен іздеу қажеттігі туралы қызықты пікірді алға тартты. Нәрестенің мақсат қоятын тұлғалық ресурстары болмаса да басқа адамдарға сәтті әсер етуді оперант қалыптастыру, яғни, өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ересектердің (ата-анасының) көңілін аудару үшін ерекше қимыл, жылау секілді әрекеттерді басқаруда қолданатындығы анықталды.

Магистрант Тәжіхан Гүлназ осы ерте кезеңдегі баланың басқарушылық қабілетіне қандай факторлар әсер ететіні туралы мәлімет келтірді. Онда тұқым қуалаушылық факторы негізделіп, ол баланың холерик, сангвиник, флегматик немесе меланхоликтік темпераменттерге ие болу себебтерінің бірі ретінде көрсетілді. Сағымбаева Жанна, бала сөйлеуінің дамуы арқылы басқарудың ең күшті құралына ие болатындығы туралы дәлелді зерттеулерге шолу жасап, баланың басқа адамдарға әсер ету мүмкіндіктерін коммуникацияны жетлдіру арқылы байытатынынан және сөзі мен ұғымдық ойы дамыған балалардың басқарушылық қабілеттерінің даму артықшылықтарына ие екендігінен хабардар етті. Басқа да магистранттар кезекпен сөз алып, «үш жас кризисі» симптомдары сияқты маңызды ақпараттармен бөлісіп, тұлғалық басқарудың мектепке дейінгі және мектеп жасындағы даму потенциалдарын қамтыған деректерді көпшілік назарына ұсынды.

Семинар соңында Назираш Сүлейменқызы барлық магистранттарға белсенділік танытқандары үшін алғысын білдірді. Шет тілі: екі шет тілі мамандығы магистранттары да осы маңызды білімдерге ие болуға бағдар берген оқытушыларына ризашылығын білдірді.

Әрине, бір ғана шешім қабылдаудың өзі адам санасында күрделі процестерден өтіп барып жүзеге асатындығы туралы біреу ойласа, біреу ойламайды. Бұл – шындық. «Басқару психологиясы» осы туралы ойлантып қана қоймай, оның ішкі құрылысын көрсетіп, магистранттарды әрбір кезеңімен таныстырады. Яғни психологияны оқығанның арқасында магистранттар болашақта қиын жағдайда тығырыққа тірелмей жол тауып шыға алады.

Жубаназарова Н.С.,

психология ғылымдарының кандидаты, профессор;

Тоқсанбаева Н.Қ.,

психология ғылымдарының докторы, профессор;

Сапарбай Ж. А.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты.