«Асығыс шешім болды»: алдағы оқу жылы 25 мамырда аяқталады

Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова биыл оқу жылының ұзақтығы 34 аптаға созылып, 25 мамырда аяқталғаны дұрыс деп ойлайтынын жеткізді. Бұл туралы вице-премьер Тамыз кеңесінде айтты.

«Сөз соңында оқу жылының 36 аптаға дейін ұзартылуына қатысты өз пікірімді білдірсем деймін. Бұл мәселеге қатысты қоғамда сын көп болып, педагогтар қауымдастығы тарапынан ұсыныстар болды. Бұл әлемдік тәжірибе екендігін мойындауымыз қажет. Дегенмен, мұндай жаңашылдықты енгізген кезде барынша тыңғылықты дайындық қажет етіледі. Министрліктің шешімі дұрыс болды деп санаймын. Бірақ асығыстық болды. Осыған орай осы оқу жылында 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін», – деді Тамара Дүйсенова білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде.

Еске салайық, биыл Қазақстанда 1 маусымда оқушылар Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар соңғы қоңырау мерекесін атап өтті.