Оңтүстік Кореяның орталық бөлігінде су басып қалған жерасты жолынан тағы да төрт адамның мәйіті табылып, нөсер жауын салдарынан қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалып кеткендер саны 49-ға жетті, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Сенбі күні нөсер жауыннан кейін жақын маңдағы өзен арнасынан асып, Чхонджу қаласындағы Осонг жерасты жолын су басып қалған. Салдарынан 15 көлік, оның ішінде автобус су астында қалды.
Түнде тағы төрт адамның мәйіті табылып, қаза тапқандар саны 13 адамға жетті.
Табиғат апаттарымен күрес және қауіпсіздік шаралары орталық басқармасының ақпараты бойынша, елде 39 адам, оның 19-ы оңтүстік-шығыстағы Солтүстік Кенсан провинциясында нөсер жауын салдарынан қаза тапты.
Таңғы 6-дағы жағдай бойынша тоғыз адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, оның төртеуі Солтүстік Кёнсан провинциясында, 34 адам жарақат алды.
Құрбандар саны артуы мүмкін, себебі құтқарушылар су басып қалған жерасты жолын құрғату операциясын жалғастырып жатыр. Онда болжам бойынша, 10 автокөлік су астында қалған.
Елде 10 570 адам өз үйлерінен эвакуацияланды.
Нөсер жауын 628 қоғамдық нысан мен 317 басқа да жеке нысанды бүлдірді, оның ішінде 146 жол опырылды немесе су шайып кетті, 139 үй су астында қалды.
28 607 үй жарықсыз қалды. Дүйсенбідегі жағдай бойынша, бұл үйлердің көбінде жарық қайта қосылды.
Сейсенбі Чхунчхонда және оңтүстік өңірлерде 200 мм-ге дейін, елдің басқа бөлігінде 10-нан 100 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін.
ПІКІР ЖАЗУ