Қулық жасаудан кейбір мұғалімдер оқушылардан да асып түсті

«Ұлттық тестілеу орталығы» директоры педагогтердің білімін бағалау сынағында болып жатқан ереже бұзушылықтарды атады, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.

Педагогтердің білімін бағалау бойынша тестілеуге кейбір мұғалімдер біліміне емес, айласына сеніп келген сияқты.

«Достар, мына бейнежазбаларды мұқият көріп шықсаңыздар. Бұл бір экшн фильмнің бөліктері емес. Барлығы шынайы өмірде болып отыр… 10 шілдеде елімізде Педагогтердің білімін бағалау басталды. Бірақ тестілеуге кейбір мұғалімдер біліміне емес, айласына сеніп келген сияқты. Мысалы, бір өңірде бір күн ішінде 34 педагогтің бұзушылықтары бірден анықталып, олар 5 жылға дейін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды», — деп жазады ол.

Айтуынша, кейбір мұғалімдер қулық ойлап табу жағынан оқушыларды артта қалдырыпты.

«ҰБТ-дан кейін бізді ешкім және ешнәрсе таңғалдырмайды деп ойлағанбыз. Бірақ, өкінішке орай, қулық жасау бойынша кейбір мұғалімдер оқушылардан да асып түсті. Бұл фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданып, құзырлы органдарға беріледі», — дейді Руслан Емелбаев.