Қазақ велоспортының бір дәуірдегі бейнесі

Қазақ велоспорт тарихын бір ғана мақала төңірегінде айтып түгесу мүмкін емес. Өйткені тақымы ертоқымға қажалған көшпелі қазақтың велосипед дейтін темір тұлпардың жалына қол салғанына бір ғасырдан астам уақыт болыпты. Еліміз тұтас ғасыр бойына ғаламның ғаламат бәсекелерінде өзіне тән бәсіресінен қағылып көрген жоқ. Иә, «біз жеңіске бірге жеттік» дегенмен жекелеген тұлғалардың арқасында еңселі белестерді еңсере алдық. Ал олар жайлы сөз қозғау бүгінгі ұрпақтың асыл міндеті.

Сондай тұлғалардың бірі велоспорттан Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы (1989), КСРО еңбек сіңірген спорт шебері (1989), Мэдисон жарысында (1988, 1989) және топтық жарыста (1985, 1986, 1989) Одақтың бес дүркін чемпионы, бірнеше дүркін күміс және қола жүлде иегері Марат Қуанбайұлы Сатыбалдиев:

Секцияға жазылып су жаңа спорттық велосипед тізгіндеген көрші балаға қарап қызықтым. Оның үстіне секциядағыларға велосипед тегін беріледі.

1982 жылы Қызылорда құрамасымен Алматыға барғанда мен алғаш рет велотректің не екенін көрдім. Бастапқыда қорқыныш болды, алғашқы жарыстың өзінде жарыс мәресіне екінші келгенім маған сенім ұялатты. 1982 жылы Мәскеуде өткен халықаралық жарыстарда командалық есепте үшінші орын алдық. 1984 жылы Крылатскийде (Мәскеу) тректе бірінші рет өнер көрсеткен кезде, КСРО ұлттық құраманың жаттықтырушыларының назарына іліндім. Бүкілодақтық жарыста 4-ші орынға ие болдым.

1985 жылы Клайпедада (Латвия) КСРО чемпионатында топтық жарыста жеңіске жеттім, Кеңес Одағының алғашқы алтын медалін жеңіп алдым. Ал қараша айында литвалық шабандоз екеуміз алғашқы халықаралық жарыстарға қатысып бастадық. Сол жылдары тіпті социалистік елдерге барлығына рұқсат берілмеді, тек ірі партия жетекшілері, әйгілі суретшілер мен үздік спортшылар капиталистік елдерге баратын. Велоспорттың арқасында маған шетелге жол ашылды. Францияға! Ойлап көріңіздерші?! Әуежайдағы әтірдің хош иісі әлі есімде. Кешкі Парижде серуен жасап, мәңгі ұмытпастай әсер алған едім. Содан кейін шетелге сапарлар әдетке айналды.

Жеңіс жолы. М. Сатыбалдиев КСРО құрамасында 1986-1990 жылдары өнер көрсетті. Осы уақыт ішінде оның басты бәсекелесі Марат Ганеев болды. 1986 жылы Колорадо Спрингс қаласында өткен Әлем чемпионатына да екеуі бірге қатысты.

Бұл чемпионат 1986 жылы АҚШ-та өтті. Әр елден екі қатысушы өнер көрсетті. Мен Одақ чемпионы ретінде бардым, М. Ганеев вице чемпион ретінде. Басшылық бізге былай деді: жарыстың жартысы, яғни шамамен 70-75 айналым дара жүреміз, содан кейін ұпайы азы көбіне көмекке ауысады. Нәтижесінде, қашықтықтың бірінші жартысында біз басқа елдердің өкілдерімен ғана емес, бір-бірімізбен де бәсекелес болдық. Яғни екеуміз де көп күш жұмсадық. Жарыстың ортасында Ганеевке қарағанда сәл көп ұпай жинағандықтан, ол маған көмекке келді. Бірақ сол кезде мен де, ол да шаршағандықтан, нәтижесінде мен төртінші орынға ие болдым. Кейін 1987 жылы Одақ чемпионатында Ганеев жеңіске жетті. Мен-екіншімін. Әлем чемпионатына Австрияға тағы да Маратпен бірге бардық. Ол кеңестік велоспорт тарихындағы тректегі топтық жарыста алғашқы Әлем чемпионы атанды. 1988 жылғы КСРО жазғы чемпионатында Сеулдегі олимпиадаға іріктеу өтті. Марат финалда жеңіп, Олимпиадаға қатысып үшінші орын алды. 1989 жылы КСРО біріншілігінде мен жеңіске жетіп, Әлем чемпионатына Францияға  қазақстандық Вадим Кравченкомен бірге бардық.

Менің бар қорқынышым Лионда Вадим финалға шықпай қала ма деп қатты уайымдадым. Дегенмен Кравченко финалға өтіп, маған алтын алуға көмектесті. Сол Әлем чемпионатында соңғы онжылдықтағы мықты неміс спринтері — Эрик Цабель өнер көрсеткен. Жеңіске жеткен кезде, басында не болғанын толық түсінбедім. Әлем чемпионы екеніме сене алмадым! Мәскеуде Марат Ганеевпен қонақүйде отырғанда: «Мен жүз пайыз сенімдімін, сен Лионда  жеңе алмайсың», — деген еді. КСРО тарихында тректегі топтық жарыста жалғыз Әлем чемпионы болғысы келген-ау. Мен болсам, тарихта есімім қалатынын тіпті сезінбедім, дегенмен Ганеев пен менен басқа осы бағдарламада кеңестік шабандоздардан ешкім жеңіске жеткен жоқ. Осы жеңісім үшін маған Алматыдан бір бөлмелі пәтер берді. Алғаш рет КСРО чемпионы атанғанда Қызылордадан үш бөлмелі пәтер берген.

Спорттық мансап. Сол 1989 жылы күзде Латвиялық бапкер алты күндік тректе кәсіби команда сапында өнер көрсетуге Бельгияға шақырады. 1989 жылдың соңында «Челек» кәсіби командасымен келісімшартқа отырып, бір маусым  өнер көрсетеді. Мансабын 1991 жылы аяқтады. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін, басқа   спортшылар сияқты өзінің күнделікті проблемаларымен бетпе бет келді. Бірақ қиындықтарға қасқая қарсы тұра білді:

Шынымды айтсам, 29 жасымда әрі қарай спорттан өз болашағымды елестете алмадым. Мүмкін, сәл үзіліс жасап, содан кейін оралу керек па еді… бірақ сол кезде мансабымды аяқтайтын сәт келгенін түсіндім. Әйтсе да әрі қарай не істерімді білмей жүрдім – өйткені бұған дейін 15 жыл бойы мен үшін ойланып,  менің өмірімді жоспарлап отырған  жүйенің бір бөлігі болдым. Маған  бизнеспен айналысуды ұсынды.  

Бірақ сауда жасауға ұялатынмын, таныстар көріп «Әлем чемпионы сауда жасап базарда отыр» деп айта ма деп  жасырынып жүрдім. Бірақ егер мен ұялсам, менің отбасымды кім асырайды деп ойландым? 1 жыл бойы Қырғызстанға қатынадым. Содан соң Қытайға, Құлжаға бардық. 1992 жылы барахолкадан Абай және Правда даңғылдарының қиылысындағы Алматы базарына көштік. Мен Түркияға, Қытайға, Пәкістанға бет алдым. Осы уақытта мені жаттықтырушы болып жұмыс істеуге шақырған, бірақ жалақысы жас отбасы үшін аз болғандықтан бас тарттым. 1993 жылы автобизнеске ауысып, Германиядан көлік таси бастадық. Басында көліктер тез сатылғанымен, әрі  қиындай түсті. Осылайша базарға қайта оралдым. 1996 жылы базардан кетіп, бұрынғы «Военторг» дүкеніне көштік. Өмірде небір қиын кездер өтті, бірақ қазір бәрі ойдағыдай, ешнәрсеге өкпем жоқ.

Қазіргі қалпымды сақтау үшін тау велосипедін сатып алуды ойлап жүрмін. Кейде әлі күнге дейін стартқа кешігіп, бір жерге бара жатқандай асығып, жарысты қалай жеңемін деп жүрген түстер көремін… деп өзінің еңбек жолын есіне алады.

Бүгінде қазақ велоспорты алдыңғы аға буын Марат Қуанбайұлы мен іні буын Александр Винокуров сынды чемипондарымыздың ерен еңбегі мен төккен терінің нәтижесінде заңғар шыңға көтерілді. Велоспортқа лайықты ізбасарлар даярлау мақсатында «Astana Qazaqstan Team» командасы құрылды. Мұның барлығы велоспорт мектебінің іргесін қатайтуға негізделген алғы шарттардың бірі. Міне, осындай ұрпақтар сабақтастығының арқасында дарынды шабандоздарымыз әлемдік велододаларда ел намысын қорғап, байрағымызды биіктерден түсірмей келеді.

«Астана» кәсіби спорт клубының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, құрылтайшысы – Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ