Алматы облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 974,1 мың гектарды құрап отыр, өткен жылмен салыстырғанда 1,3 мың гектарға ұлғайған. Жалпы, Жетісу өңірінде көктемгі – дала жұмыстары 16 наурызда басталды. Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаров мәлімдеді.
Аймақта, осы уақытқа дейін, 135,1 мың га масақты дәнді дақылдар, 3,4 мың га дәндік жүгері, 8,3 мың га майлы дақылдар мен 25,9 мың га көпжылдық шөп, 2,4 мың га картоп, 4,3 мың га көкеніс, 0,4 мың га бақша және 3,5 мың га қант қызылшасы егілді. Сонымен қатар 238,5 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары толығымен себілді.
«Облыстың көктемгі егіс жұмыстарына 23 мың тонна минералды тыңайтқыш қажет. Бүгінде 1975 шаруашылық субъектілері барлығы 25,8 мың тонна тыңайтқышты алды»,-деп айтты спикер.
Айта кетейік, өңірдегі көктемгі дала жұмыстарына Аграрлық несие корпорациясының екі бағдарламасының шеңберінде 74 шаруашылық 1 млрд.440,3 млн. теңге қаражат алды. Тағы да 1535,6 млн. теңге сомасына 27 өтінім қарастырылуда.
ПІКІР ЖАЗУ