Таиландтың Чиангмей қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында ел намысын қорғаған Сәкен Бибосынов жарысты ширек финалда аяқтаған болатын. Осы орайда боксшының жеке бапкері Мырзағали Айтжанов бұл жағдайдың себебін түсіндірді, деп ozgeris.info тілшісі «Бірінші бол» сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Азия чемпионатының ширек финалында Сәкен Бибосынов (51 кг) өзбекстандық боксшы Асылбек Жалиловке есе жіберген болатын.
«Көбі біле бермейтін шығар, бірақ біз сылтау айта беретін адамдар қатарынан емеспіз. Ұлттық құраманың бас бапкері, дәрігері де жағдайды түсініп отыр. Өйткені жеңіске жете алмауына бір-екі жағдай себеп болды. Рингке шығар алдында жарақаты болды. Сондықтан біз жоспарлағандай өнер көрсете алмады. Енді қайтадан қатарға қосылып, елдің мерейін асқақтата береді», — деді Мырзағали Айтжанов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ерлер құрамасы Таиландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында 4 алтын, 5 күміс, 1 қола медаль еншілеп, жалпы командалық есепте 2-орынға табан тіреген еді. Азия чемпионатының әйелдер арасындағы жарыста Қазақстан құрамасы турнирдің медальдар есебінде көш бастады. Қазақстанның әйелдер құрамасының боксшылары 5 алтын, 5 қола жүлде жеңіп алды.
ПІКІР ЖАЗУ