«Біз бәріне дайынбыз»: Лавров Батысқа «Орешник» зымыраны арқылы ескерту жасады

x.com/TuckerCarlson

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров америкалық журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында «Орешник» зымыраны туралы айтты, деп хабарлайды ozgeris.info, РБК сайтына сілтеме жасап.

Сұхбат барысында Лавров Батыс елдерін гегемонияны сақтап қалуға тырысып, Украинаны «барлық табиғи және адам ресурстарын сатуға дайын режимге» айналдырды деп айыптады. Оның айтуынша, «АҚШ сенаторы Линдсей Грэм сирек кездесетін металдарға бай Украинаны ресейліктерге қалдырмау керек екенін ашық мәлімдеген».

Лавровтың пікірінше, Мәскеу тек «заңды мүдделері мен ата-бабалары ғасырлар бойы игерген жерлерді» қорғап отыр. Ол Ресейдің «адамдарды ойлайтынын», ал Батыс елдерінің тек пайдалы қазбаларды басып алуға ұмтылатынын атап өтті.

Сондай-ақ министр «Орешник» гипердыбыстық зымыранының қолданылуы Батысқа ескерту екенін айтты.

«Бұл қаруды сынау арқылы жеткізгіміз келген хабарлама – заңды мүдделерімізді қорғау үшін біз бәріне дайынбыз», – деді Лавров.

Айта кетсек, 21 қарашада Ресей Украинадағы әскери-өнеркәсіптік нысанға орташа қашықтыққа ұшатын «Орешник» зымыранымен соққы жасағанын мәлімдеген болатын. Әскери сарапшылар бұл қарудың жаңа шабуылдарда қолданылу мүмкіндігіне алаңдаулы.

Украина Президенті Владимир Зеленский бұл мәлімдемені «зымыран жарнамасы» және «өлтіруге дайындықтың белгісі» деп атады.