«Бас-басына би болған өңкей қиқым»: Мәжіліс депутаты өзін-өзі сайлап алған жалған «билер» көбейіп кеткенін айтты

Фото: aikyn.kz

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек «билер» атын жамылған ұйымдардын жұмысына тексеру жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Соңғы кезде елімізде өзін-өзі сайлап алған жалған «билер» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп, көбейіп кетті. «Қазақ билері», «Қазақ билер алқасы» секілді атаулармен құрылған түрлі рулық-жүздік қоғамдық ұйымдар қаптады. Тіпті, ресми тіркелмей-ақ өз алдына оңаша отау құрып, би болып жүргендер де жетерлік. Бұдан бөлек, ат төбеліндей аз ғана топтың қолдап-қолпаштауымен Бас би атанып, асатаяқ ұстап, ақыл айтып, шешім шығарып жүргендер де бар. Олардың кейбірінің ниеті дұрыс болғанымен, көбінің мақсаты – атын шығарып, атақ алу, жұрт үстінен күн көріп, мал табу секілді. Осындай жұрт білмейтін, елге айтарлықтай еңбегі сіңбеген, көпшілік мойындамаған қаптаған билер әр іске жөнсіз араласып, көсемсіп, жұртты жік-жікке бөлуімен қоймай, өзара таласып, қазақтың ғасырлар қойнауындағы қасиетті билер институтына кір келтіре бастады», – деді ол депутаттық сауалында.

Болат Керімбек билер ұйымдарының жұмысын жіті тексеретін уақыт келгенін айтты.

«Біз нақты құрылымдалған сот жүйесі бар, әрбір азаматы алқабилер мен халықаралық стандарттарға сәйкес құқықтық қорғау құқығына ие елде өмір сүріп жатырмыз. Ал билер келіп, сол қалыптасқан норманы бұзбақшы ма?! Олай болмаса, олардың көздегені не, мақсаты не? Неге өздерін өздері би сайлап алған? Кім оларға мұндай өкілеттік берген?! Әрбір өңірде жергілікті әкімдік пен Мәслихаттар, сот билігі мен құқық-қорғау органдары бар, ақсақалдар мен қоғамдық кеңестер заң аясында қызмет етуде. Туындаған мәселелені шешетін де, көтеретін де осы заңды ұйымдар мен мекемелер. Яғни, заң мен тәртіп концепциясын іске асыратын билік тармақтары бізде нақты айқындалған», – деп атап өтті халық қалаулысы.

Сөзінше, өздерін би сайлап, мәселелерге пәтуа шығарып жүрген түрлі адамдардың әрекетіне нақты құқықтық баға берілуі керек. Мәжілісмен Әділет министрлігі және Бас Прокуратурадан «билер» атын жамылған ұйымдардын жұмысына тексеру жүргізіп, олардың қызметінің заңға сәйкестігін пысықтауды сұрады.