Таксистер қанды ішті: Алматы әуежайы жақтағы тұрғындар көтерілді

Фото: КТК телеарнасы.

Алматының таксистері әуежай маңын қоқысқа толтырған, ауланы дәретханаға айналдырған. Алматыда әуежайдың маңындағы тұрғындар такси жүргізушілеріне наразы, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Себебі, олар соңғы бір жарым жылдан бері клиенттерді тұрғын үйлердің төңірегіне күтетін болыпты. Көлік қаптағасын, күнде кептеліс. Ол аздай, ішкен-жегенін де айналаға шашып кетеді екен. Бұл тұрақ былтырдан бері бір босаған емес. Такси жүргізушілерінің қаптап жиналатын жері. Бәрі сол әуежайдан түскен жолаушылардың тапсырысын күндіз-түні күтеді. Ішеді-жейді, қалдығын тастайды. Ең сорақысы, үлкен дәретін көпірдің астына сындырады екен.

— Осы жерді жиналатын жер етіп алды қосымшада. Біз өткенде көрдік, жүктеп, жиналатын нүктесі осы жер екен. Қаншама адам жиналса, соншама қоқыс. Оны жинап жатқан әкімдік жоқ. Қоқыс біздің ауданның бүкіл жерінде. Баламен келе жатсаң, қуыстан біреу дәрет сындырып отырады, дейді қала тұрғыны Балжан СҰЛТАН.

Такси тұрағының азабын әуежайдың төңірегіндегі үш көшенің тұрғындары тартып отыр. Жолаушыларды күту үшін немесе темір тұлпарында түнеу үшін жүргізушілер үйлердің арасына дейін кіріп кетеді екен. Көліктің көптігінен күнде кептеліс.

“Шыдай-шыдай, шаршадық” деген жұрт шағымды шенеуніктерден бастап, тәртіп сақшыларына дейін түсірген. Бірақ еш нәтиже жоқ деп қапалы.

  Әкімдікке де, полицияға да шағым түсірдік. “Біздің күшіміз жоқ, “Яндекс”  шетел компаниясы, оларға ештеңе айта алмаймыз, бұйрық жоқ” дейді, — деді қала тұрғыны Данияр СҰЛТАН.

Әкімдіктегілер саябақ пен соған тиесілі автотұрақ мемлекет меншігінде болғанымен, жүргізушілердің қайда жиналып, не істейтініне шатағымыз жоқ дегенге саяды. Қолынан келетіні тек дәретхана соғу.

 Түрксіб ауданындағы “Аспан паркі” нысаны бойынша жергілікті полиция қызметі және аудандық әкімдік қызметкерлерімен бірлескен сапар жасалды. Көшпелі кеңестің қорытындысы бойынша тұрғындарға ыңғайлы болу үшін биотуалет орнату туралы шешім қабылданды.Бүгінде экология және қоршаған орта басқармасының ұйымы мемлекеттік сатып алу бойынша рәсім жүргізіп жатыр, — дейді Алматы экология және қоршаған орта басқармасы.

Ал полицейлер осы айдың басынан бері 60-қа жуық жүргізушіні әкімшілік жазаға тартқан. Тыныштықты бұзып, қоғамдық орынды ластағаны үшін бәрі айыппұл арқалапты. Бірақ соның өзінде де тыйылар түрі жоқ.