Бүгін Парламентте тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов заң жобасында қазақ тілінің мәртебесін айқындау керек екенін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
«Бізде қоғамдағы ең үлкен проблема – тілдің айналасында. Заңның маңызын айтып отырсыздар. Әлеуметтік желіден бәріңіз көріп жүрсіздер: тұтынушы келеді де “сен маған неге мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейсің?” дейді. Содан дау шығады. Қоғам шулайды. Сондықтан заңда нақты “кез келген орындаушы немесе сатушы бірінші кезекте мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті” деп заңға жазу керек. Бір жерге барғанда мемлекеттік тілім болса да, өзге тілде неге қарсы алады – соған намысым келеді. Бірінші кезекте, мына заңда мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындауымыз керек», – деді Ринат Зайытов.
Депутаттың сауалына Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жауап берді.
«Міндетті түрде қазақ тілін жазу керек. Ондай болмаса, біз мәселені қазіргі таңда жауапкершілікке тартамыз. Заң жобасында мұндай норма бар. Сіз мысалы қазақ тілінде жүгінетін болсаңыз, сізге мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді. Ондай болмаса, онда тұтынушы ретінде арыз жазар құқығыңыз бар. Ол жағынан мәселені екінші оқылымға дейін қарайтын боламыз», – дейді ол.
ПІКІР ЖАЗУ