Күні кеше Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында дзюдодан қола медаль жеңіп алған Ғұсман Қырғызбаев Елдос Сметов екеуі бір-біріне бесік құда екенін айтты, – деп хабарлайды Ozgeris.Info сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Елдос екеміз бір-бірімізге құдамыз. Бір күні Елдос әйел баласымен үйіме қыдырып келді. Әңгіме арасында Елдос маған «екеуміз қаншама уақыттан бері бірге күресіп, бірге келе жатырмыз. Қайда барсақ та бірге барамыз. Оқу-жаттығу жиындарына да, жарыстарға да бірге аттанамыз. Арамыздан қыл өтпестей доспыз. Бірдеме айтсам ренжіп қалмайсың ба?» деді. Көңілімде ештеңе жоқ, бірден «айта бер, ренжімеймін» дедім. «Екеуміздің достығымыз мәңгілік болсын. Сенде қыз бар, менде ұл бар. Сенің қызыңа ұлымды қазақы дәстүрмен атастырғым келіп отыр. Бүгінгі достар болашақта құда-құдағи болайық» деді. Ауызым ашылып, көзім бақырайып тұрып қалдым. Ол маған «сол күнге жеткізсін демейсің бе? Мен сырғамды алып келдім» деп қызыма сырға тақты. Осылай екеуміз қазір бір-бірімізді көрсек «құдеке» деп сөйлесеміз», – деді Ғұсман Қырғызбаев.
ПІКІР ЖАЗУ