Орта салмақта WBO және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өтпей қалған кездесуден кейін мазақ етіп видео түсірген жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичке жауап берді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жәнібектің айтуынша, ол қарсыласының іс-әрекеті үшін өзі ұялған.
«Андрейдің парақшасындағы видеоны көрдім. Бала өзіне көп алып жатыр екен. Мен жекпе-жекке денсаулығыма байланысты шыға алмадым. Ауруханаға түстім. Бірақ қарсыласым адам басындағы сынақты, ауыр жағдайды мазақ қылып жатыр. Бұл негізі адамгершілік емес. Ешқандай боксшы бұлай жасамайды. Қайта сауығып кет дейді. Ал оның ісіне, тіпті, мен ұялып кеттім. Бізде келісімшарт бар, жұдырықтасамыз. Бірақ енді оны аямаймын», — деді Жәнібек Әлімханұлы.
Еске салайық, видеода Андрей Михайлович асфальтқа «JANIBEK» деп жазып, оның жанында би билейді. Кейін жазудың үстіне ұнтақ шашып, артынша су құяды. Видео соңында ол өз отбасымен билеп, экранға «Аталған видеоны түсіруде бірде-бір чемпион зардап шеккен жоқ. Тек ағзасы құрғап қалды» деген жазу шықты.
ПІКІР ЖАЗУ