Асқар Омаров елімізде петиция институты заңдастырылатынын айтты

Елімізде петиция институтын заңдастыруға бағытталған құжат қабылданады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім етті, деп хабарлайды «ozgeris.info» «ҚазАқпарат»-қа сілтеме жасап.

 «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілдгенін білесіздер. Соған сәйкес, ақпаратқа қол жеткізуге жауапты уәкілетті тұлға институты енгізілді. Бүгінде бүкіл мемлекеттік органда жауапты адамдар анықталды. Оларды оқыттық. Қазіргі таңда олардың жалпы саны 1400-ден асады. Алғаш рет Мемлекет басшысына Қазақстандағы ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы жылдық есеп дайындалды. Баяндама қоғамда және сараптамалық ортада кеңінен талқыланды. Сондай-ақ Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында қаралды», — деді Асқар Умаров.

Министр жергілікті былтырдан бері алғаш рет мәслихаттардың сессиялары Ai-tube платформасында онлайн көрсетіле бастағанын еске салды.

«Сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен бірлесіп мәслихат депутаттарына тренингтер мен вебинарлар өткіздік. Қазіргі уақытта БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл сұрағында мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың жаңа критерилері енгізілді», — деген ведомство басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын енгізу тәсілдеріне тоқталды.

«Бірінші. Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде жобаларды іске асыру. Екінші. Мемлекет басшысына ұсынылатын ақпаратқа қол жеткізу саласында кезекті есепті дайындау. Үшінші. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдауға атсалысу. Құжат петиция институтын заңдастыруға бағытталған», — деді министр.

 

«ozgeris.info».