Германияда Қазақстан азаматы жоғалып кетті. Бір аптадан бері хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық әйел Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, «Болашақ» түлегі. Осыған қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров пікір білдірді.
«2024 жылғы 5 маусымда Майндағы Франкфурт қаласындағы Қазақстанның бас консулдығына Қазақстан азаматтарынан 2024 жылғы 3 маусымда қызының жоғалып кетуіне байланысты арыз түсті. Бас консулдық осы істі өтініш келіп түскен сәттен соң ерекше бақылауға алды. Ақпарат түскеннен бастап біздің дипломаттар жергілікті полицияға хабарласып, полиция жедел іздестіру іс-шараларын бастап кетті», — деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Айбек Смадияров қазақстандық дипломаттар жоғалған әйелдің туыстарымен тікелей байланыста екенін айтты.
«Қазақстан тарапының іске тікелей араласуға құқығы жоқ. Дипломаттар жоғалған әйелдің туыстарымен тікелей байланысты. Қазір неміс тарапына бұл істі жеке бақылауға алу және барлық қолғабысты көрсету туралы арнайы хат жолданды. Жақын арада неміс тарапымен бірлесіп, жоғалған Қазақстан азаматының туыстарына виза алып беру үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді ресми өкіл.
Айта кетейік, қазақстандық журналист Гүлмира Абықай бұрын судья болып жұмыс істеген Қазақстан азаматы Айгүл Сайлыбаеваның Германияда жоғалып кеткенін мәлімдеп, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.
ПІКІР ЖАЗУ