Астанада маса маусымы басталды. Жұрттың мазасын қашырған маса мен шіркейді әлсін-әлсін улағанымен азаяр емес.
Әлеуметтік желіде қала тұрғындары шағымдарын айтып, әкімдіктен зиянкестермен күресті тиімді жүргізуді талап етуде.
«Астанада биыл маса шіркей көп себебі жаңбыр көп! Соны улайтын мекеме неге тып-тыныш отыр екен? Үйдің көлеңкелеу ық жағы Есілдің бойы набережка дейміз маса шіркейге тұнып тұр! Әсіресе мына Рыскелді қажы мешіті жақ!», «Тұран және Барыс Арена жақ тіпті қорқынышты. Көшеде жүру мүмкін емес», «Түнде қонған масалар таңертең дәл сол жерде тұрады», «Үйлер батпақтың үстіне салынған. Айналасы көлдер мен қамыс болғандықтан не күтуге болады. Әрине маса көп болады», – дейді астаналықтар.
Мамандардың айтуынша, маса мен шіркейдің көбейіп кетуінің бір себебі – қалада көлдің көп болуы. Масаның бір аналығы 200-300 мыңға дейін дернәсіл шығарады. Сондай-ақ ол ылғалды ауа райында бірнеше жылға дейін сақталады. Олар шөп пен жарыққа да үймелейді.
Ал елорда әкімдігінің мәліметінше, зиянкестермен күрес 20-сәуірде басталып кеткен. Қала бойынша жыл сайын маса мен шіркейге қарсы күреске 700 млн тг бөлінеді.
«Дезинсекциялық іс-шаралардың бірінші туры аясында қаланың барлық табиғи және жасанды су айдындары өңделді, бұл – 120-дан астам тұрақты және 100 уақытша, сондай-ақ ашық станциялар – саябақтар, гүлзарлар, көшелер, тұрғын үй массивтері. 30 мамырдан бастап екінші турда су қоймалары мен ашық станциялар өңдеуден өтеді.
Маусым айында іс-шаралар түнгі сағат 21:00-ден 04:00-ге дейін өткізіледі. Іс-шара барысында елорда тұрғындары мен қонақтарына сақтық шараларын сақтау маңызды: өңделетін жерге баруды шектеу және өңдеу кезінде терезелерді жабу», – делінген әкімдік хабарламасында.
Дезинсекция толығымен жоюға емес, зиянкестердің санын азайтуға бағытталған, өйткені олар табиғи экожүйенің ажырамас бөлігі. Маса мен шіркеймен күрес қазан айының ортасына дейін жалғасады, деп атап өтті Астана әкімдігінде.
ПІКІР ЖАЗУ