Алматы қаласында ер адам тұрғын үй кешенінің күзетшісін көлігімен қағып өлтірді.
Күзетші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды.
Оқиғаның бейнеролигі әлеуметтік желіде жарияланды. Онда күзетші қақпаны жаба бастағанда, джип мінген ер адам оны бірнеше рет әдейі қағып, артынан көліктен түсіп оны жұдырықтай бастағанын көруге болады.
Осы оқиғаға қатысты Алматы қаласының Полиция департаменті түсініктеме берді.
– Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, тұрғын үй кешенінің күзетшісі мен тұрғыны арасында жанжал шығып, 45 жастағы ер адам күзетшіге ауыр дене жарақаттарын келтірген. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстың басқа да мән-жайлары анықталып жатыр, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жантүршігерлік қылмыс «Меркур Таун» тұрғын үй кешенінде болған.
Фото: aikyn.kz
ПІКІР ЖАЗУ