Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді қайта жаңғыртуды ұсынды.
«Жақында ғана Ұлттық құрылтайда елімізге арналған келелі саяси-идеологиялық, адами құндылықтар, азаматтардың құқықтары туралы, әлеуметтік және экономикалық бағыттағы мәселелер нақты көтерілді. Мемлекет басшысы бәріміз көтеріп жүрген үлкенді-кішілі өзекті ойларды нақтылап, оларды іске асыру бағыттарына тоқталды. Құрылтайда өз тарапымнан сұрапыл соғыста қасық қаны қалғанша ерлік көрсеткен майдангерлеріміздің „Адал адам“ қағидатына сай тарихи тұрғыдан әділ бағалануы тиіс екенін көтердім. Өйткені, әлемдегі барша ұлттарды жойып, өздерінің нацистік идеологиясын орнатқысы келген фашистерге аталарымыз қасқайып қарсы тұрды. Бірақ, бүгін тек бейбіт қоғамда өмір сүріп, оқ-дәрінің иісін сезбеген, Отан үшін күрестегі шайқастармен терең таныспаған ұрпағымыздың кейбір өкілдері тарихи оқиғаларымыз бен айбынды тұлғаларымызды жоққа шығарғысы келеді. Бұл — тарихымызға жасалған қиянат, батырлардың рухына деген құрметсіздік», — деді Е. Жаңбыршин Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған сауалында.
Оның пайымынша, әрбір тарихи оқиғаны, сол оқиғалардың бел ортасында жүрген тұлғалардың есімін жас ұрпақтың жадында тасқа қашағандай етіп таңбалау керек.
«Мәселен, әлемнің көптеген елдері өз тарихын тұғырлы тұлғалармен тығыз байланыстырады, тіпті олардың есімдерімен арнайы дәуірлерді мен кезеңдерді атайды. Оған қоса, мемлекеттерінің ордендері мен медальдарына ұлы көсемдерінің, даңқты қолбасшыларының есімдерін берген. Бұл ұлттың ұлылығын және саяси мәдениетінің биіктігін білдіреді. Осы ретте, кешегі Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті орнату үшін еліміздегі аты аңызға айналған қаһармандарымыз — Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетовтың есімдерімен аталатын арнайы ордендерді тағайындауды ұсынды. Президенттің бұл ұсынысы — адамзат өркениетінде зардабы жөнінен бұрын-соңды болмаған, миллиондаған адамның өмірін жалмаған, тағдырларын талқан еткен, Екінші Дүниежүзілік соғыста от кешкен 1,4 млн қазақстандық майдангердің рухына деген нағыз құрмет. Бұл отаншылдықты, ұлттық бірегейлікті нығайтуға зор ықпал етеді. Бірақ батыр бабаларымыздың рухына көрсетілген Құрылтайдағы игі бастама ақпараттық тұрғыдан жан-жақты таратылмай, қоғамда лайық деңгейде насихатталмады. Сондықтан, бірінші кезекте, біз Мәжіліс депутаттары осы тың идеяға арнайы тоқталуды жөн көрдік және аталған ұсынысты заңды түрде бекітуіміз қажет. Бұл шешімді тез арада алдағы маңызды меркелерге дейін қабылдап, алғашқы сарбаздарымызды еліміздің біртуар перзенттерінің атындағы мәртебелі ордендермен марапаттауымыз керек. Бүгінгі біздің депутаттық сауалымыз — Құрылтайда көтерілген мәселелерді Парламент мінберінен Үкіметке ресми түрде жолдау», — деді депутат.
Бұл тұрғыда Е. Жаңбыршин тиісті ұсыныстарды жариялады.
«Біріншіден, Үкімет қазірден бастап майдангерлеріміздің атын мәңгі есте сақтау шараларын қолға алсын. Екіншіден, Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді қайта жаңғыртып, майдангерлердің деректері цифрландырылған арнайы Ұлттық порталды жасау қажет. Үшіншіден, бұл жұмыстарға көп жылдық тәжірибесі бар қоғамдық ұйымдарды тартып, аталған жобаларға барлық көздерден қаржыландыру қарастырылуы тиіс», — деді депутат.
Фото: Мәжіліс
ПІКІР ЖАЗУ