Тарихты ұмыттырмайтын екі нәрсе бар, бірі сол уақыттың адамдары болса, екіншісі олардың істеген істері. Технологиясы мен әдет-ғұрпына ел сүйсінетін Жапония да соғыспады емес соғысты.
Өткен ғасырдың ортасында «жапондық блицкриг» басталды. Жалпақ тілмен айтқанда «блицкриг» ұғымы бір мезетте бірнеше бағыттағы жорықты іске асырып, аз ғана уақытта нәтижеге жету, яғни ұту дегенге саяды. 80 жыл бұрын мұздай қаруланған жапондықтар Таиланд, Филиппин, Малайя, Гонконг сынды шағын елдерге бірден басып кірді, дегенмен филиппиндегі аралдарды америкалық әскерлердің қорғауы біраз қиындықтар туғызды. Десек те, көп ұзамай келесі жылдың мамырында-ақ одақтасқан күштер Жапонияға толығымен берілуге мәжбүр болды. Ал оған дейін Гонконг, Сингапур, Малайя мен Голландиялық Үндістан құлаған болатын.
1942 жылдың мамырында «жапон блицкригі» нәтижесінде Тынық мұхитының орталық бөлігі мен оңтүстік теңіздердің орасан зор аумағы басып алынды.Жапон империясы біріккен күштерді толық жеңе алмады. Соғыстың ұзаққа созылуы экономикалық жағдайға да әсер етпей қоймады. Жаулап алған жерлерінен айырылған Жапония 1942 жылдың соңына қарай қорғанысқа өтуге мәжбүр болды.
1945 жылға қарай тәуелсіздік алады деп болжанған, тіпті жеке мемлекетін де құрған филипиндіктер АҚШ-қа тәуелді болып қала берді. Себебі бұрын тәуелді болған аумақтарда АҚШ әскерлері бар болатын. Дәл осындай статуспен Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуға шешім қабылдады. Филиппин әскерінің нашар дайындығы мен әлсіз қарулануы Жапония империясының аралдарды қорғаған одақтас күштерді сенімді жеңуіне үлкен ықпалын тигізді.
Біріккен әскерді генерал Дуглас Макартур басқарды. Макартур кейіннен Жапониядағы соғыстан кейінгі реформаларды ұйымдастырумен және Жапонияның жаңа конституциясын әзірлеумен көзге түседі. Ең қызығы аралдарды табандылықпен қорғап, америкалық-филипиндік әскердің жеңіліске ұшырауына қарамастан, отбасымен бірге эвакуацияланған бұл генерал 1942 жылдың 1 сәуірінде «Құрмет» медалімен марапатталды.
Президент Рузвельтті архипелаг үшін күресуге көндірген осы генерал Макартур болды деп есептеледі. Филиппинді қорғау Америка Құрама Штаттары үшін қиынға соқты, екі материктің шалғай орналасуы мен жабдықтаудың қиындауы АҚШ үшін Филиппинді қорғаудың маңызы жоқ екенін айқындағандай болды.
Ұлыбритания мен Нидерландыда жағдай одан да нашарлай түсті. 1941 жылы 10 желтоқсанда жапондықтар Гавай аралдарының батысында Тынық мұхитында көзге түскенодақтастардың соңғы екі жауынгерлік кемесін су түбіне жіберіп, «соғыс кемелерінің дәуірін» аяқтады. Малайядағы британдық әскерлер теңіз арқылы келетін көмектен айырылып, жапондықтар өз әскерін кедергісіз кіргізіп, әуе базаларының іргетасын қалады. Олар одан әрі жаңа аумақтарды басып алуға әрекет етті. Уинстон Черчилль бұл оқиғалардың барлығын «бүкіл соғыста алған ең ауыр соққы» деп бағалады.
Филиппиндегі қарсылықтың негізгі орындары 1942 жылдың қаңтар-сәуір және мамыр айларында өткен Батан түбегі мен Коррехидор аралы үшін болған шайқастар болды. Осыған дейін 1941 жылы 8 желтоқсанда Филиппинге басып кірген жапондық 14-ші армия аралдардың бірінен соң бірін басып алып, 1942 жылдың 2 қаңтарында Филиппин астанасы Манилаға кірді.
Одақтас мемлекеттердің жеңіліске ұшырауы Филиппиннің екі жарым жыл оккупациялануына әкелді, оның барысында жапон әскері көптеген әскери қылмыстар жасады. Сондаймысалдардың бірі – Батан түбегіндегі өлім шеруі. Концлагерьге жіберілген америкалық және филиппиндік әскери тұтқындар ұзақ жолды жаяу жүріп өтуге мәжбүр болды. Күннің ыстығына шыдамай шаршап өлгендердің де саны жетерлік. Лагерьде тұтқындарды адам төзгісіз жағдайда ұстау көп мөлшердегі шығынға әкелді. Оған қоса ұсталған жау сарбаздарының бір бөлігін Жапониядағы шахталар мен зауыттарға жұмысқа жегуге аттандырды. Кеме арқылы тасымалданғандықтан климаттың өзгеруі сынды қиындықтар кейбір тұтқындарға ауыр тигені анық.
Кейбір мәліметтер бойынша, америкалық әскери тұтқындардың жалпы санының 40% дерлік жапондықардың қолынан қайтыс болды. Бұдан да асқан сорақылықты қайталаған немістер болатын, тұтқында болған кеңес жауынгерлерінің жалпы санының 60% -дан астамы неміс өлім лагерлерінде қайтыс болғанын естен шығармаған абзал.
Мәулен ЖЕКСЕНБІ
ПІКІР ЖАЗУ