Жұлдыз Әбдукәрімова өзін қорқытқан адамның аты-жөнін жария етті

Танымал актриса Жұлдыз Әбдукәрімова алаяққа алданып, не пәтерсіз, не жер үйсіз қалғанын айтқан еді. Бүгін Астанада журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізген ол оны кімдердің қорқытып жүргенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Құрылыс компаниясының негізін қалаушы Диляра Тәжімбетованың жолдасы өзін мемлекеттік қызметкермін деп таныстырды. Бірақ мен одан қорықпайтынымды айттым. Мемлекеттік қызметкер бола отыра, лауазымды қызметін пайдаланып отырғаны қаншалықты дұрыс? Өз қызметін пайдаланып, алаяқтыққа неге жол беріп отыр деген ой келді. Нақты дәлелім жоқ. Бірақ әйел адамға ер адамның дауыс көтеріп, қоқан-лоқы көрсетуіне мүлде құқығы жоқ», — дейді Жұлдыз Әбдукәрімова.

Актриса тергеу жүріп жатқандықтан, істің өзге мән-жайын айта алмаймын дейді. Дегенмен, ол Диляра Тәжімбетованың күйеуі, яғни, өзін шенеунікпін деп таныстырған адамның аты-жөні Нұржан Қатаев екенін ашық айтты.

«Бастапқыда Дилярамен сөйлесіп, келісімшарт жасағанда бұл адамның қатысы болмаған еді. Бірақ соңғы кездесуде Нұржан Қатаев менімен дөрекі сөйлесіп, қоқан-лоқы көрсетті. Өзінің лауазымды қызметте екенін жеткізгісі келген шығар. Бірақ мен ешкімнен қорықпаймын. Халық бар, БАҚ бар. Заң барлығына бірдей деп ойлаймын», — дейді актриса.

Бір қызығы, Нұржан Қатаев деген азаматтың қай мемлекеттік органда жұмыс істейтінін білу үшін ашық дереккөздерден ақпарат іздедік. Нұржан Қатаев деген азамат балуан, күрестен Азия чемпионы болған.Оның атындағы күрес клубы да бар. Қазір редакция оның өзі мен «TUMARGrandVillage» құрылыс компаниясының өкілдерінен сұхбат алуға тырысып жатыр.

Айта кетейік, 2021 жылы Жұлдыз Әбдукәрімова «TUMARGrandVillage» құрылыс компаниясынан үй алғанын хабарлаған болатын. Актриса аталған құрылыс компаниясының негізін қалаушы Диляра Тәжімбетовамен коттедж салуға келісім-шартқа отырып, екі жыл құрылыстың аяқталғанын күтеді. Нәтижесінде, Диляра Тәжімбетова берілу керек болған жерді басқа бір кредиттік ұйымға кепілдікке қойып, Жұлдыз Әбдукәрімованың пәтерін, құжат бойынша, өзге адамға сатып жібереді.

Қазір ол пәтерде Диляра Тәжімбетованың інісі Дияр тұрып жатыр. Ал сот жаңа үй алу мен пәтерге алмастыруды бөлек қарастыратын мәселе деп отыр. Ал актрисаға берілуі керек болған коттедж салынатын жерде өзге тұлға тұрғын салып алған. Ол адам жерді кімнің сатып алғанын айтпаған.

Актрисаның өзі қазір төрт баламен пәтер жалдап жүргенін айтты.

«Менің пәтер жалдап жүргенімнің еш әбестігі жоқ. Мен бір жыл ғана күтемін деп ойладым. Осылай 2 жыл уақыт өтті», — дейді актриса.

Адвокат Жанарбек Бектеміровтің айтуынша, азаматтық қылмыстық істің материалдарына сәйкес, пәтердің құны 160 млн теңгеге бағаланған.

«Коттедж үйдің бағасы 170 млн теңгеге бағаланған. Оның 10 млн теңге айырмашылығы кесте бойынша төленуі керек еді. Жұлдыз коттеджді алу үшін пәтерін сатып, ақшалай салмақ болды. Бірақ үйлерді айырбастау туралы ұсыныс түсіп, осы жағдай болып отыр», — дейді Бектеміров.

«TUMARGrandVillage» компаниясынан алданған 6 адам оның үстінен арыз жазған. Бүгінгі таңда жәбірленушілердің топтық шағымдануымен құрылыс компаниясының басшысына қатысты алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда жәбірленуші тарап істің жылжымай отырғанын айтып отыр. Олар бұл жағдай бойынша ІІМ белсенді жұмыс істегенін қалайды.

Аппеляциялық сотта жеңілген тарап Жоғарғы сотқа шағымданған.