Жас ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет-өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы, келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген,ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу кезек күттірмейтін іс екені сөзсіз. Ұрпақтан-ұрпаққа берілетін рухани және ұлттық құндылықтар ұлттық сананы қалыптастырушы негізгі факторлардың бірі. Сондықтан да, сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы, ұлттың тұнып тұрған асыл мұрасын, рухани байлығын болашақта еліміздің тұтқасы болар балаларды отаншылдыққа баулу, халқына адал, отансүйгіш тұлғаларды тәрбиелеп шығару – жалпы ұлттың алдында тұрған міндет болып табылады. Әлемдiк қауымдастықтың бiртұтас бiлiм кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған ортақ мүддеге барынша әрекеттенуіміз– жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрген саналы да парасатты тұлғаны тәрбиелеу болып табылады.

Осы орайда Біртұтас тәрбие бағдарламасының маңызы мен берері мол деп сенемін. Себебі ұлттық тəрбие қазіргі таңда  елімізде орын алып отырған көптеген оңтайсыз мəселелерді жоюдың жəне олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы деп ойлаймын.

Мен қызмет атқаратын Дәнеш Рақышев атындағы облыстық қазақ мектеп  — интернатында тәрбие жұмысы Біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жүзеге асырылды. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалды. Бағдарлама жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде адал азаматты тәрбиелеуді көздейді. Бала тәрбиесінде оң өзгерістер болу үшін мектеп мәдениетіне қандай құндылықтар қажет және қазіргі білім алушыларды тәрбиелеуде қандай құндылықтар маңызды екендігіне назар аудара отырып, биылғы оқу жылында ұлттық мүдде, ар-ұят және талап  құндылықтары  тәрбие жұмысына енгізілді.

Осы орайда мектебіміздің барлық тәрбие жұмысының мазмұнында ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сияқты құндылықтар көрініс табуда.Ұлттық мүдде құндылығы  Қазақстанның мемлекеттілігін   нығайтуға   атсалысу, оңтайлы   имиджін   қалыптастыруға белсенді   үлес   қосу, еліміздің мүддесіне,  қоғам   адал   қызмет   ету, ұлттық  мирас   пен   мұрасына ұқыптылықпен   қарап,оны   белсенді дәріптеуге,қазақ   тілінің   аясын кеңейтуге   үлес   қосатын   ұрпақ тәрбиелеуге   тұғыр   болады. Ар-ұят құндылығы адал еңбекті құрметтеу, сөзіне берік, ісіне адал болу, әдеп нормаларын ұстану,жауапкершілікті сезіну, достарына, сыныптастарына, отбасы мүшелеріне қамқор болу, мейірімділік таныту, өзін, отбасының, сыныптың, мектептің, қоғамның, Отанның бірмүшесі екенін сезіну мақсаты көзделеді.

Талап құндылығында  сыни және креативті ойлау,жеке және топпен жұмыс істей білуге, жаңаны тануға құштар болу,физикалық белсенді болу,салауатты өмір салтын ұстану,технологиялық және цифрлық дағдыларды ілгерілету, уақыт пен қаржыны тиімді жоспарлауда нәтижелі межеге бірлесіп жетуге шақырды.

Осы орайда өзім тәрбиешілік етіп отырған 8  сынып оқушыларымен «Қалың ел оқыған қаламгер»  қазақ жазушысы Кемел Тоқаевтың өмірі және шығармаларымен таныстыру барысында ар-ұят құндылығын басшылыққа ала отырып, халқына адал қызмет ететін, жаупкершілікті сезініп, тез шешім қабылдай алатын өскелең ұрпақты тәрбиелеу мақсатында ашық тәрбие сағатын өткіздім. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей  ұлттың ұлы тұлғасының туғанына бір ғасыр толғанына  бейнебаян көрсетіліп, ел қорғау жолында шыбын жанын шүберекке түйген ержүрек майдангер қазақ детективінің дарабозы,кеңес кезінде кітаптары ең көп оқылып, әдебиетте аты алтын әріппен жазылған қаламы қарымды жазушы, ақтаңгер журналист  екенін ашуда «Кемел  адам»  бейнесі деген сөздің мағынасын қалай түсінесіңдер? постер таратылып, оқушылар  ойларын қозғау мақсатында  түсінгендерін қағаз бетіне салып, қорғап шықты.Шахмат тақтасының ұяшықтарын пайдалану арқылы бейнебаяннан көргендеріін жұптасып отыра  берілген сұрақтарға жауап  берді. «Лото» әдісі  ойынында сандар жазылған лото шарларын таратып қызықты ойын жүргіздім.

Цифрлық ғасырда өскен оқушылар  бізден  оларды шабыттандыратын білім мен тәрбиені күтеді. Олар заманауи құрылғыларды, әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады, ал біз білім беру көшбасшылары ретінде олардың форматтарын барынша зерделеп, оны оқыту мен  тәрбиелеу процесіне оңтайлы қолдана білуіміз керек. Ұлттық дәстүр мен құндылықтарымыз қазіргі мәдени үрдістермен және жаңашыл технологиялармен өзара үйлесім тапқан жағдайда үлкен жетістікке жетеріміз анық.

Тәрбиеші

Нұрмұханбетова Рита Қыдырбайқызы