«Ажырасу қоғамның айнасы»: Неліктен қазақстандықтар жиі ажырасады?

Фото: Ozgeris.info

Қазақстанда әр екінші неке ажырасумен аяқталады. Бұл үрдістің басты себептері қандай? Отбасылық құндылықтар әлсіреп бара ма, әлде әлеуметтік-экономикалық жағдай әсер етіп отыр ма? Ажырасулардың салдары қандай және мемлекет бұл мәселені шешу үшін қандай қадамдар жасай алады? Сарапшылар пікірінше, бұл тек жеке мәселе емес, ұлттық деңгейдегі әлеуметтік дағдарыс. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

Дәстүр мен шынайылықтың қақтығысы

Қазақстанда әр екінші неке ажырасумен аяқталады. Яғни әлемдік рейтингте көш бастап тұрған көңіл құлазытар көрсеткіштердің бірі. Мұндай деректерді Әділет министрі Ерлан Сәрсенбаев Мәжіліс депутаттарының алдында жария етті. Министрдің айтуынша, өткен жылы елімізде 61 080 ажырасу тіркелген.

«Бұл тіркелген некелердің жартысына тең. Мұндай үрдіске тосқауыл қою үшін отбасы институтын нығайтуға бағытталған мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысы қажет», — деп атап өтті шенеунік.

Ажырасудан кейін жиі туындайтын тағы бір күрделі мәселе бар. Ол алименттің төленбеуі. Қазіргі таңда бұрынғы жұбайлардың 300 мыңға жуығы алиментті мүлдем төлемейді немесе толық емес көлемде аударады. Бұл жағдайдың негізгі себептері ретінде борышкерлердің табыс пен мүлікке ие болмауы көрсетіледі. Тіпті табысын әдейі жасыратындар да бар.

Министр борышкерлердің ішіндегі 12 мың адамның «қызыл аймаққа» кіретінін, яғни олардың жағдайы ерекше бақылауда екенін атап өтті. Мұндай азаматтарға қатысты әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке дейінгі нақты шаралар қабылдануда.

Сәрсенбаев, сондай-ақ, қоғамда бұрын болған отбасы құндылықтарының әлсіреуіне алаңдаушылығын білдірді.

«Егер адам отбасы мен балаға деген жауапкершілікті сезінбесе, қандай жаза қолдансақ та, бұл түпкілікті нәтиже бермейді», – деді ол.

Алайда депутаттар мәселені тек құндылықтар тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз деп есептейді. Олар нақты механизмдерді енгізу қажет деген пікірде. Мәжіліс депутаты Магеррам Магаррамов алименттен жалтарған жағдайларда балалардың құқықтарын қорғау мақсатында мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл қордың қаражаты салықтық емес түсімдерден қалыптасып, үш айдан астам алимент ала алмаған балаларға төлем жасауға бағытталады.

«Алимент қарызы жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі таңда борыш сомасы 16,7 млрд теңгеден асып отыр. Бұл сомаға сирек және аз мөлшерде төленетін алименттер кірмейді. Сондықтан қор құру жалғыз тиімді шешім», — деп ұсынды ол.

Министр бұл ұсынысқа қарсы пікір білдіріп, қор құру бюджетке артық салмақ түсіретінін, ал қаражаттың өзінде үнемі тапшылық бар екенін ескертті. Басқа депутаттар да бұл мәселеде түрлі пікір білдірді: кейбірі әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді, енді бірі – ажырасу үшін төленетін мемлекеттік баж салығын көбейтуді ұсынды.

Психологтар мен әлеуметтанушылар мұндай шаралар түпкі мәселені шешпейді деп есептейді. Олардың айтуынша, ең алдымен ажырасудың себептерімен күресу қажет. Мемлекеттің басты міндеті – адамдарға бақытты отбасы құруға жағдай жасау. Әйтпесе, жаза мен шектеу нәтижесіз болмақ.

Әлеуметтанушы Хамит Айдардың пікірінше, бұл әлеуметтік және экономикалық жағдайға тікелей байланысты. Адамның материалдық жағдайы, білім деңгейі, мәдениеті мен құқықтық сауаттылығы бәрі өзара әсер етеді.

Психологтар да осы пікірмен келіседі. Олардың айтуынша, көптеген жұптар қаржылық тұрақсыздықтың салдарынан ажырасып жатады. Жастар отбасылық өмірін несиемен бастап, сол қарыздан шыға алмай, күйзеліске ұшырайды. Статистика көрсеткендей, ажырасулардың үштен бірі некенің алғашқы төрт жылында тіркеледі екен.

Педагогика ғылымдарының магистрі, практик психолог Анна Вовк ажырасуға түрлі себеп бар екенін айтады.

«Олардың қатарында тәуелді мінез-құлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, туыстардың араласуы, ерлі-зайыптылардың жеке жетілмегендігі, дағдарыстарды еңсере алмауы және отбасылық құндылықты терең түсінбеуі бар. Қазіргі қоғамда некенің маңыздылығы бұрынғыдай бағаланбайды», — деді маман.

Психологтың пікірінше, ерлі-зайыптылар қарым-қатынастағы дағдарыстармен жұмыс істеуге, қажет жағдайда мамандар көмегіне жүгінуге үйренуі керек.

«Қарым-қатынас – бұл еңбек. Ерлі-зайыптылар жеке де, жұп ретінде де дамуға, ашық сөйлесуге, бір-бірін тыңдауға және ортақ шешімге келуге дағдылануы тиіс», – дейді маман.

Халықтың арасында жүргізілген сауалнамалар да бұл мәселенің күрделілігін көрсетіп отыр. Кейбір тұрғындар басты себеп – түсініспеушілік десе, енді біреулері елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әсері үлкен екенін айтады. Тұрғын үй мәселесі мен жұмыссыздық та өз ықпалын тигізуде.

«Мемлекет жастарға көмектесуі керек. Көпшілігі жас кезінде үйленеді. Ал ірі қалаларда баспана табу өте қиын. Жалақы жоғары болуы қажет. Екі жақтың ата-аналары да отбасылық мәселелерге араласпай, түсіністік танытқаны дұрыс. Көп жағдайда ата-аналар араласқаннан кейін жас отбасы ажырасып кетеді», – дейді тұрғындар.

Психологтың айтуынша, кейбір жағдайларда ажырасу – дұрыс әрі жалғыз қауіпсіз шешім.

«Егер отбасында ашық түрде тұрмыстық зорлық-зомбылық болса, не есірткі немесе ішімдікке тәуелділік орын алса, ал адам емделуден бас тартса, ондай некені сақтап қалуға болмайды. Бұл жағдайда әйел мен балалардың қауіпсіздігі басты орында тұруы тиіс», – дейді маман.

Қазақстанда 2023 жылы 140 мыңнан астам неке тіркеліп, оның 50 мыңға жуығы ажырасумен аяқталған. Яғни елімізде әр үшінші неке бұзылады деген сөз. Бұл көрсеткіш Қазақстанды ТМД мен Орталық Азия елдерінің арасында ажырасу деңгейі жоғары елдердің қатарына қосып отыр.

Елімізде отбасын құруға асықпайтын 2 миллионға жуық қазақстандық бар

Яғни бойдақ ер адамдар әйелдерден 133 мыңға көп. Ұлттық статистика бюросы үйленбеген қазақстандықтардың басым бөлігі Түркістан облысында тұратынын анықтаған. Бұл 2023 жылғы статистика. Онда 250 мыңнан астам бойдақ жігіт, 230 мыңға жуық басы бос қыз бар. Алматы облысында да басы бостар көп. Ал Атырауда ел бойынша некеге тұрмағандар ең аз, 59 мың бойдақ бар. Солтүстік Қазақстан облысында тұрмыс құрмаған 45 мың әйел тұрады.

Әлеуметтанушы Жанар Жандосованың айтуынша, статистика халықтың қаржылық және әлеуметтік жағдайға тікелей байланысты.

«Кедейлер саны көп аймақта некелесу де аз. Себебі жеке баспана, жұмыс  болмағандықтан, отбасы болудан тартынады», — деді әлеуметтанушы Жанар Жандосова.

Еліміздің барлық аймақтарында бойдақ еркек басы бос әйелден көп болғанымен, Алматыда тұрмысқа шықпаған қыз көбірек. Онда 230 мыңға жуық күйеуге шықпаған қыз және 189 мың бойдақ жігіт тұрады.

Әлеуметтанушы мамандардың айтуынша, тұрғын үй бағдарламасы, жұмысқа орналастыратын жастар бағдарламалары қажет. Бұл қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Алайда қаржы үйленбейдің жалғыз себебі емес. Кейбір адамдар жалғыз өмір сүріп үйреніп қалған, ал басқаларында екінші жартысын іздеуге уақыт жоқ.