Түркістан музыкалық драма театры бюджеттен тағы 17,4 млн теңге алды, деп хабарлайды «ozgeris.info» «ulysmedia.kz»-ке сілтеме жасап.
Айнұр Көпбасарова басқарып отырған Түркістан театры 17 464 110 теңгені «Махаббат мұнарасы» атты қойылымды екінші рет сахналау кезінде жарық қою жұмыстарына жұмсамақ.
«Түркістан қаласында 2022 жылдың ақпан айына арналған «Махаббат мұнарасы» спектаклінің сметасы бойынша монтаждау және демонтаждау есебімен қосымша дыбыс және жарықтандыру жабдықтарын жалға алу»,- деп көрсетілген.
Мемлекеттік сатып алу порталында шыққан тендердің орындалу уақыты 2022 жылдың 28 ақпаны деп белгіленген. Порталдағы мәліметтерде қаржы «Махаббат мұнарасы» спектаклінің сметасына сәйкес дыбысты үйлестірушіге және қосымша дыбыс аппараттарын жалға алуға жұмсалмақ. Сондай ақ, спектаклдің мазмұнына сәйкес декоративті жабдықтарды жалға алуға және сахнаға жарық беретін құрылғыларды жалға алу қарастырылған.
Тендердегі ең соңғы түзетулер 2022 жылдың 10 ақпаныңда енгізілген. Қойылым режиссері – Нұрқанат Жақыпбай, көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Тапсырыс беруші – Түркістан қаласы әкімдігінің «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі». Театр осы бөлімге қарайды.
Негізі «Махаббат мұнарасы» спектаклінің премьерасы былтыр желтоқсан айында өткен.
Айнұр Көпбасарова басты рөлге Қайрат Нұртастың әйелін шақырған. Ашық дереккөздерде спектакльдегі басты кейіпкерлерді Жұлдыз Әбдікәрімова, Әділ Ахметов, Нұрқанат Жақыпбай сынды әртістер сомдайды деп көрсетілген. Қазақстандық танымал әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова өз рөлі жайлы “Түркістан” газетіне сұқбат берген.
«Рөлге кастингтен өтіп бекітілдім десем де болады. Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте» спектакліне басты рөлге кастинг жариялағанда, видео жіберіп, бағымды сынадым. Сол кезде мені Бөртенің құрбысы Айшаның рөліне шақырған болатын. Бірақ өзге жобаларыммен қатар келіп қалып, бас тартуға тура келді. Енді, міне драматург Талаптан Ахметжан ағаның «Махаббат мұнарасы» қойылымында сұлудың рөлі бұйырды»,- деп айтқан.
«ozgeris.info».
ПІКІР ЖАЗУ