Соқырға айна ұстатқан кім немесе азаматтық бастамаларды қалай қолдап жүрміз?

Бізде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы деген мемлекеттік мекеме бар екенін білесіз бе?! Орталық үкіметтік емес ұйымдарды қолдау және әлеуметтік салада қажетті жағдайлар жасау мақсатында 2016 жылы құрылған.

ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігіне қарасты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы – қоғамның өзекті мәселелерін шешуге қызмет көрсететін ҮЕҰ үшін гранттар ұсынатын қаржыландыру саласындағы мемлекеттік оператор.

Гранттық қаржыландыру дегеніміз не?

Үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант — Оператордың азаматтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік саланың өзекті мәселелерін шешуге азаматтық қоғам институттарының әлеуетін тарту мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға беретін қаражаты.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы 2021 жылы жалпы сомасы 1,5 млрд.теңгеге 53 гранттық жобаны іске асырған, ал 2022 жылы орталық пен грант алушылар арасындағы шарттардың жалпы сомасы 1 927 621 629 теңгені құрап, 102 гранттық жоба, оның ішінде 60 ҚР АҚДМ тапсырысы бойынша орындалған.

Қаржыландыру көздері бойынша:

— Жастар және отбасы істері комитеті, «Мемлекеттік жастар және отбасы саясатын іске асыру» бойынша — 981 718 228,72 теңге;

— Азаматтық қоғам істері комитеті, «Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасын нығайтуды қамтамасыз ету» бойынша — 610 497 400,96 теңге;

— Дін істері комитеті, «Қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру» — 335 406 000,00 теңге.

ҰЕҰ дегеніміз не?

Үкіметтік емес ұйымдар — үкіметтен тәуелсіз жұмыс істейтін, әдетте қоғамдағы өзекті мәселерді көтеріп, оларды шешуге ұмтылған еріктілер тобы құрған коммерциялық емес ұйымдар.

Үкіметтік емес ұйымдар дерекқорының мәліметіне сәйкес 2023 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша елімізде тіркелген ҮЕҰ саны — 23 335. Оның ішінде жұмыс жасап тұрғандарының саны — 18 204.

ҮЕҰ қызметінің бағыттары бойынша белсенділігі:

  • Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау — 7,78%;
  • Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау — 15,68%;
  • Білім, ғылым, ақпарат, Спорт және дене шынықтыру саласында — 20,05%;
  • Азаматтардың, ұйымдардың заңды мүдделерін мен құқықтарын қорғау — 9,3%;
  • Азаматтардың денсаулығын сақтау СӨС насихаттау — 3,93%;
  • Отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге көмектесу және гендерлік мәселелер — 1,79%;
  • Мәдениетті және өнерді дамыту — 3,6%;
  • Қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту — 4,84%;
  • Жетім балаларға, толық емес көп балалы отбасылардан шыққан балаларға көмек — 1,68%;
  • Тарихи-мәдени мұраны қорғау — 1,77%;
  • Қоршаған ортаны қорғау — 3,41%;
  • Өзге де әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жұмыс істейтін ҮЕҰ — 19,78%;

КЕРЕК ЕМЕС ҚАЗАҚ ТІЛІ

Дәл осы бағыттарда қызмет ететін «үшінші сектор» деп аталатын нарықты реттеу мен қолдау, зерттеу мен зерделеу Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының бірден-бір міндеті.

Алайда, біздің бүгін көріп отырғанымыз мүлде басқа жағдай. Қайта бұл мемлекеттік мекеме нарықты тілдік ерекшеліктер арқылы фрагментациялаумен айналысып отырғандай көрінеді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мәселелерді шешу емес, әлеуметтік мәселелерді ушықтыратын мультипликативті эффект туындатуы мүмкін. Себебі, қазақстанда тек қана орыс тілді азаматтар тұрмайтынын орталық басшылығы мен қызметкерлерінің есінде жоқ секілді.

Әлеуметтік мәселелері басым аймақтар қазақтілді және олардың кешенді мәселелері бар екендігін кешегі өткен «Қанды қаңтар» оқиғасынан да көрдік.

Сарапшы мамандардың пікірінше «Орталық көптеген жобаны іске асыруда тек орыс тіліне басымдық береді. Сәйкесінше қазақтілді өңірлер аз қамтылады және қазақтілді қоғамның мәселесі шетте қалып жатыр», дейді.

Осы мәселені көтеріп жүрген «BasQaru» қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Үш жылдай осы конкурстық комиссияда мүше болдым. Шамам келгенше қазақ тілді ұйымдардың жеңіске жетуіне ықпал жасадым. Осы ұйымның қазақ тіліне бет бұруына әрекет еттім. Қазақ тілін білмейтін басшысының орнынан алынуын талап еттім» деген.

Оның айтуынша Орталық тарапынан жобалардың қазақ тілінде орындалмау себебі:

Біріншіден, конкурстық тапсырыстарға баға беруші сарапшылардың басым бөлігі мемлекеттік тілді қажетті деңгейде білмеуі. Мемлекеттік тілде жазылған гранттық ұсынымдардың мәні мен мағынасын дұрыс түсінбеуі.

Екіншіден, грант алушы ұйымдардың басшылығы қазақ тілін түсінбейді. Жобаны іске асыруда қазақ тілін қолдану және сол аудиторияны қамту назардан тыс қалып жатыр.

Үшіншіден, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басшылығы қазақ тілін қажетті коммуникация жүргізу деңгейінде білмейді.

Мәселен, 2021 жылы Азаматтық бастамалар орталығының байқауына қатысу үшін тапсырыстардың 221 орыс тілінде, 44 қазақ тілінде жазылған. 2022 жылы 94 өтінім қазақ тілінде, ал 295 орыс тілінде ұсынылған. Оның ішінде 4 әлеуметтік жоба мемлекеттік тілде орындалған, бұл жалпы жобалардың 6,6% ғана. 2023 жылдың деректері жоқ.

Бірақ, 2020-2024 жылдар аралағына негізделген стартегиялық даму жоспарында 2023 жылы бұл көрсеткішті 25% жеткізу жоспарланған. Алайда оны қалай, қандай тетіктерді қолдану арқылы жету жолдары атап көрсетілмеген.

Ұсыныстар:

«Мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 406 бұйрығына толықтыру мен өзгерістер енгізу.

Нақты  сарапшылар тізілімін қалыптастыру және сараптама комиссияларының құрамын бекіту тәртібінің талаптарына орыс тілімен қатар, сарапшының мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін білуін талап ету;

КҮТУ ЗАЛЫ

Орталықтың есептері мен ресми сайтында орналасқан ақпараттарды зерттеп, неге мұндай жағдайлар болатынын түсінгендей болдық. Мәселен, кадр ауысу жиілігіне келер болсақ, соңғы бір жылдың ішінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасының өзі ғана үш рет ауысқан.

2023 жылдың 17 наурызында Жалғыз акционер (ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі) №17 бұйрығымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасының өкілеттігі Ғ. Құрманның 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап өз еркімен мерзімінен бұрын тоқтатылады.

Кейін 2023 жылдың 30 наурызында Жалғыз акционер №20 бұйрығымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы болып 2023 жылдың 3 сәуірінен бастап бір жыл мерзімге А. Оспанова тағайындалады.

2023 жылдың 18 шілдесінде Жалғыз акционер №46 бұйрығымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы А. Оспанованың өкілеттігі 2023 жылдың 1 тамызынан бастап өз еркімен мерзімінен бұрын тоқтатылады.

2023 жылдың 21 шілдесінде Жалғыз акционердің №47 бұйрығымен Басқарма төрағасының өкілеттігі 2023 жылдың 1 тамызынан бастап «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары А. Ашкинге уақытша жүктеледі.

2023 жылғы 23 қазанында Жалғыз акционердің №63 бұйрығымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы болып бір жыл мерзімге Л. Диас тағайындалады.

Естеріңізге сала кетсек, Лима Диас ханым 2020 – 2021 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму Министрінің штаттан тыс кеңесшісі және осы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрағасы қызметінде болған. 2023 жылы қайта келіп отыр. Орталық қызметін басқарушы уәкілетті орган министрлік басшылығы ауысқанда кетіп, келіп отыратын құнды кадр десек артық айтқанымыз болмас.

Ал өз кезегінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму Министрі Дархан Қыдырәлі болған тұста, оның кеңесшісі, кейін бірнеше айға ғана орталықты басқарған Алия Оспанова ханым бүгіндері «Болашақ» бағдарламасын іске асыратын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы.

Мұндай құбылыстарды «Фаворитизм», «кронизм», ал кейстердің өзін еңбек этикасына жат, «айналмалы есік эффектісі» деп атауға болады.

Сарапшылар қолданатын revolving doors немесе «айналмалы есік эффектісі» анықтамасы шенеуніктің мемлекеттік қызметтен жеке секторға, немесе керісінше ауысуын білдіреді.

Фаворитизм немесе басқа атауы – кронизм — бұл лауазымдарға тағайындау барысында достарына, туыстарына, сенімді адамдарына артықшылықтар беру.

Үшінші термин — «cooling-off period» немесе «салқындату кезеңі» — шенеуніктерге жеке секторда жұмыс істеуге тыйым салынатын  кезең. Мемлекеттік сектордан шыққаннан кейін олардың бұрынғы қызметіне қатысы бар компанияларда қызмет етуіне тыйым салу.

Себебі, бұл шарттардың барлығы «Мүдделер қақтығысын» тудыратын элементтер болып есептеледі. Мысалы АҚШ-та мемлекеттік қызметшілерге жеке компанияларда немесе керісінше жеке компаниядан мемлекеттік қызметке заңмен тыйым салады. Егер бұл азаматтар екі тараптың мүдделері байланысатын тұста қызмет атқарған болса.

Лима Диас кейсіндегі «айналмалы есіктер»

Лима ханым 2018 – 2020 жылдар аралығында «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ директоры болып қызмет еткен, дәл осы жылдары Альянстың президенті «Almaty Management University» негізін қалаушы Асылбек Қожахметов мырза болған.

«Қазақстанның Азаматтық Альянсы» — Қазақстанның 500-ден астам ҰЕҰ біріктіретін ірі республикалық үкіметтік емес ұйым. Және бұл ұйым «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» ең  үлкен грант алушыларының бірі.

Ал өз кезегінде Лима ханым 2021 жылы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрағасы тағайындалады. 2022 жылы қызметінен босағанда, әрине «Almaty Management University» қызметке барады. 2023 жылы жоғарыда атағандай, қайта «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрағасы тағайындалады.

Жалпы халықаралық еңбек этикасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетте және бюрократия экономикасында «айналмалы есіктер» (revolving door) эффектісін қоғамның дамуына кедергі, сыбайлас жемқорлыққа жол ашушы құбылыс ретінде таниды.

ҚАДІРСІЗ КАДР

Орталықтың 2020-2024 жылдар аралағына негізделген стартегиялық даму жоспарына сәйкес 2021 жылы кадрлар ауысу жиілігі, ең жоғарғы 143% құраған. Яғни, жаңа басшының келуімен орталық қызметкерлері бірі келіп, бірі кетіп жатады деген сөз.

Бейресми Астананың сол жағалаулық өмірінде «Күту залы» деген ұғым бар. Кадрлық, командалық ауыс-түйіс кезінде өз кезегін күте тұру үшін қызметке бара тұратын квази мемлекеттік мекемелер.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы осындай үлкен «күту залдарының» бірі ғана болып отыр. Ал мұндай жағдайда азаматтық қоғамды дамыту, әлеуметтік мәселені шешу емес, жеке бас мәселелерін шешу ғана орын алатыны айқын.

Осы орайда басқарушы тұлғалардың шет елде білім алған бэкргаундынан басқа, ұлттық құндылықтарға негізделген мемлекетшілдік идеясына да назар аударған жөн. Мәселен, азаматтық бастамаларды қолдау үшін мемлекет қаржысынан да бөлек қаржы көздерін ұйымдастыра алуды негізгі көрсеткіш ретінде қарастыру.

Толып жатқан байланыс орнату мен меморандумдарды санаманғанда, осы уақытқа дейін «Шелл Қазақстан БВ» компаниясымен ғана үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік емес гранттар беру үшін ақшалай қаражат беру туралы шарт бар.

Ал бүгінде қоғамда «AITAS» холдингі, «TAS Group», «Altyn Qyran Foundation», «Freedom Finance» секілді ұйымдар азаматтық бастамалар мен әлеуметтік жобаларға ресми мекемеден асып түспесе, кем болмайтын жобаларға қолдау көрсетуде.

Ұсыныстар:

  • Мемлекеттік емес қаржы көздерін тартуды басшылық қызметінің KPI-на қосу және бірден-бір индикатор ретінде көрсету;
  • Корпоративті мәдениет қалыптастыру мен кадрлық ауыс-түйіс жилігін төмендету үшін, үздіксіз білім беру мен квалификация деңгейін көтеру мақсатында кешенді оқытулар (жобаларды басқару, аудит) ұйымдастыру;
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметін ашық жүргізу; (ресми сайттағы ақпараттар жаңармаған, қызмет жұмысы жоқ)

P.S. Сынды мін теру емес, елдің ертеңі үшін, сауатты да салауатты қоғам қалыптастыру үшін жан айқайымыз деп түсінесіздер деп ойлаймыз. Себебі, мемлекет қаражатынан сіз бен біздің өмірі сапамызды, әлеуетімізді арттыру үшін жұмсалатын қаржы мен жобалар әрқашан рационалды ұйымдастырлуы қажет.

Ал расында NEET санатындағы жастардан бастап, ең резонансты әлеуметтік дағдарыстар қазақ тілді ортада орын алып жатыр. Осының бәрін зерделеп, мақсатты аудиторияға негізделген жұмыстарды үйлестіретін мемлекеттік мекеме «өзінің қауқарсыздығын» басқа бүгінге дейін ешнәрсе ұсына алмай отыр.