Қазақстанда 500 мың теңгеден астам қаржы шетелге аударған кез келген адам енді күдікті санатқа қосылуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді. Жаңа ереже алаяқтықпен, қаржылық пирамидалармен және интернет-алаяқтармен күресті күшейту мақсатында енгізілмек, деп жазады Ozgeris.info.
Жаңа қаулы жобасына сәйкес, қазақстандықтардың интернет арқылы жасаған 500 мың теңгеден астам сатып алулары немесе шетелге жіберген ақша аударымдары ерекше бақылауға алынбақ. Банктер бұл операциялар туралы құзырлы органдарға хабарлауға міндетті болады. Түсінікті болу үшін, 500 мың теңге – шамамен 1000 доллар. Туристік сапарға, шетелдегі жақыныңызға көмектесуге немесе халықаралық сатып алуларға жұмсалған қаражат бір сәтте күдікке ілігуіңізге себеп болуы мүмкін.
Агенттік бұл шараны интернет-алаяқтарға, қаржы пирамидаларына, “дропперлерге” қарсы күрес ретінде түсіндіреді. Ал “Дроппер” деген кім? Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – өз шотын алаяқтарға пайдалануға беріп, олардың заңсыз ақшаларын айналдыруға көмектесетін тұлға. Жаңа шара осы “дропперлерді” анықтау үшін енгізілген. Бірақ мәселе мұнымен бітпейді.
Кімдер күдікке ілігеді? Жаңа ережеге сай, шетелге 500 мың теңгеден астам ақша аударған кез келген азаматтың транзакциясы “қаржыны жылыстату” немесе “терроризмді қаржыландыру” қаупінің жоғары факторы деп бағаланады. Бұл дегеніміз, банктер сіздің ақша аударымыңызды автоматты түрде бақылауға алады, қосымша тексеріс жүргізеді және тіпті шотыңызды бұғаттауы мүмкін.
Жаңа ережелер шеңберінде күдікке ілігетіндердің тізімі кеңейе түседі:
• Жас азаматтар: 14-25 жас аралығындағы клиенттер, ресми табысы болмаса да, трансшекаралық аударымдар жасайтындар.
• Шетелде демалғандар: Орташа саяхат құны 1 миллион теңгеден асатын 1,2 миллион қазақстандық.
• Duty Free-дегі шопинг: Егер шетелде 1000 доллардан көп қаржыға сауда жасасаңыз.
• Төлем картасы иелері: Әртүрлі банктерден 5 немесе одан көп карточкасы бар азаматтар.
Қаржылық қауіпсіздік шаралары күмәнсіз маңызды. Бірақ әрбір шетелге ақша жіберген азаматты күдікті деп санау әділ ме? Бұл шаралар заңсыз әрекеттермен күресуге көмектескенімен, қатардағы азаматтарға да қолайсыздық тудырады. Мысалы, туристік сапарға шығып, шетелдік қонақүйде 500 мың теңгеден көп қаржыға бөлме брондағандар да күдікке ілігуі мүмкін.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру