Шымкенттегі жекеменшік қайырымдылық мекемесінде 40-қа жуық мектеп жасындағы қыз ата-анасының қарауынсыз тұрып жатқан.
Заңсыздықты Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура қызметкерлері анықтады.
Қайырымдылық кооперативі 28 отбасының қыздарын қамқорлыққа алған; кейбір оқушы қыздар бірнеше ай, кейбірі үш жылға дейін сонда тұрған.
Мамандардың айтуынша, қор әділет органдарында ресми тіркелген, бірақ балалар мен жасөспірімдерді оқытумен айналысуға құқығы жоқ. Оның қызметін тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.
«Мекеме басшылығы бұл жағдайды білген. Заңсыздықты анықтаған соң директор мен администраторын қатаң жауапқа тарттық. Оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларды, сондай-ақ ақпаратты жасырғаны үшін сынып жетекшілерінің жауапкершілігін де тексердік»,- деді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрдәулет Абылаев.
Заңсыздық анықталған соң, қайырымдылық қорын паналаған 33 қыз Шымкенттегі уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығына ауыстырылды. Оқушылардың барлығы дерлік №24 мектепте білім алып келген.
Мектеп басшылығы мен ұстаздар оқушылардың өз үйінде тәрбие алмайтынын білген, алайда ешкім тиісті орындарға хабарламапты. Енді балаларды қамқорсыз қалдырған ата-аналар мен ұстаздардың жауапкершілігі қаралады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру