Екі аптадан кейін көктем келеді. Қазірдің өзінде ең суық дейтін Астанада алдағы 10-15 күн ауа райы жылы болады деп күтілуде. Осы ретте мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров биыл да су біраз өңірді әбігерге салатынын болжады. Мамандардың айтуынша еліміздің 9 өңірін су басу қаупі жоғары. Олар: Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, және Ұлытау облыстары.
Төтенше жағдай министрлігі таратқан хабарламада, су тасқыны қаупі бар аймақта 1223 елді мекен бар. Оларды қорғау үшін 576 шақырым қорғаныш бөгендері мен біліктері тұрғызылған. 822 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, салынды.
Автомобиль мен темір жол қатынастарында 960 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды.
74 өзеннің қауіпті учаскелерінде 500 шақырымға жуық түбін тереңдету, жағалауды нығайту және арналарды тазарту жұмыстары жүргізілген.
Су тасқынына жедел ден қою үшін 37 мыңнан астам адам, 13 мыңнан астам техника, 4096 су айдау және 640 жүзу құралдары бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштер мен құралдар топтамасы құрылған. Зардап шеккендерді қабылдау үшін 3,5 мыңнан астам пункт дайындалған.
«Әрине, бұл тек қағаздағы әдемі сандар болып шықпаса екен. Әйтпесе, жалған есеп беру, қолдан статистика жасау дегенді көріп, біліп жүрміз. Ең бастысы Үкімет осы сандарды қатаң бақылауы керек», — деп пікір білдірді депутат.
Биылғы көктем де бірқатар әкімдерге сынақ болғалы тұр. Синоптиктер нақты болжам бере алмаса да бұл жолы халық әкімдерге нақты бағасын береді.
Еліміздегі өзендер , керек болса су қоймаларының су деңгейін интерактивті картадан көріп, біліп отыруға болады. Мысалы, мынау Атырау қаласы арқылы өтіп жатқан Жайық өзенінің қазіргі жағдайы. Әзірге алаңдауға негіз жоқ.
Махамбет ауылы арқылы өтетін Жайықтың деңгейі әлдеқайда жоғары. Сілтеме арқылы бақылап көре аласыздар.
«Қазір су тасқыны кезеңіне сақадай саймыз деп айтуға ерте. Осы күнге дейін тиісті шешімдер қабылданбаған бірқатар мәселе бар. Барлық әкім тікелей жауап береді», — деген еді Олжас Бектенов.
«Елдегі су тасқынынан құтыламыз деп 100 қайық сатып алғаннан, осындай жағдай неге болып жатыр, неге қайталанып жатыр деген мәселеге көңіл аударуымыз керек. Әрине қайық та, басқа да құралдар керек. Бірақ осының бәрінің астында қандай себеп жатыр, соны анықтап, ауыздықтағанда ғана бір ретке келеміз деп ойлаймын», — деп қорытындылады пікірін Айдарбек Ходжаназаров.
ПІКІР ЖАЗУ